Евгений Ли – «Радуга» ЖШС өндіріс бойынша директорының орынбасары:
– Мына цехта бұйымдар металлдан жасалады. Түрлі диаметр бойынша төрт бұрышты және дөңгелек құбырлар әзірлейміз. Оларды біз шикізат ретінде өзімізде пайдаланамыз. Ал, бұрын құбырларды өзге жақтардан алатынбыз. Олар өндіріске өте қажет. Одан орындық, киім кептіргіш, сатылар жасаймыз. Бұл цехта 50-ге жуық адам еңбек етеді.
Айына мұнда аталған өнімнің 14-15 мың данасы шығарылады екен. Жұмыс сапарын осы кәсіпорыннан бастаған Сенат депутаттары еңбеккерлерге жасалған жағдаймен танысып, өндіріс ошағында дайындалатын тауарлардың сапалы екендігін тілге тиек етті. Айта кету керек, өткен жылы мұндағылар 1,5 млрд теңгенің өнімін шығарған. Кейін олар Новоникольск селосына ат басын бұрып, «Зенченко и К» КС мал шаруашылығы кешеніне соқты.
Бүгіндері бұл – еліміздегі ең ірі мал шаруашылықтарының бірі. Мұндағы қара малдың саны 8 мыңға жуықтаған. Олардың барлығы үшін мұнда жақсы жағдайлар жасалыпты. Мына бір базда бұрындары сиырлар байлаулы болатын. Ал, қазір бос жүреді. Ол да Зеңгі баба төлдерінің тезірек ортаға сіңісіп, молырақ өнім беруі үшін істелген екен. Мына қорада бұзаулар тұрады. Жас төлдердің әрқайсысы бөлек қоршауда. Ал, сыртында бұзаулар туралы мәлімет жазылған.
Тағы меймандарға мұндағы асыл тұқымды жылқылар да көрсетілді. Депутаттардың келуін пайдаланған серіктестік басшысы қордаланған бірқатар проблемаларын жеткізді. Оларды сенаторлар алдағы уақытта қарастырып, жоғарғы жаққа жеткізетіндігін айтты.
Бектас Бекназаров – ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары:
– Жақсы бағдарламалар бар. Бірақ олар төменге жеткенше дейін бірнеше кедергілерден өтіп, жетпей қалады. Екінші мәселе кадр мәселесі.
Жалпы серіктестік шығаратын өнімдер теріскейліктер арасында ғана емес, өзге аймақтарда да сұранысқа ие. Бүгіндері олар ақтың 10 тоннасын көршілес Қорғанға, 37 тонасын елордамыз – Астанаға және 18 тонннасын Петропавлға жеткізеді екен.
Геннадий Зенченко – «Зенченко и К» КС бас директоры, Қызылжар ауданы:
– Күніне 60 тонна сүт аламыз. Ол өзіміздің зауытта өндіріледі. Қазір кәсіпорнымыз кеңейтілуде. Көбірек шикізат керек. Сондықтан, әрі қарай дами түсуді көздеп отырмыз. Туарларымыз түрлі қоспасыз әзірленеді. Табиғи таза өнім.
Тағы меймандар селодағы дәрігерлік амбулаторияға бас сұғып, Спорт сарайында болды. Кейін ауыл тұрғындарымен кездесті.
Магжан Ахмадина