Спорт

Облыс орталығында велоспорттан Петропавл қаласының ашық кубогы бастау алды

Нұртілек Насиболла – жарысқа қатысушы, Орал қаласы:

– Велоспортпен айналысып жүргеніме 1 жыл болды. Өзіме ұнайды. Бүгінгі жарысқа тек жеңу үшін келдім.

Бәйгеде өз бағын 12 жастағы Әлішер Шалбай да сынап көрмек. Бапкерлердің айтуынша, жеткіншектіктің болашағынан зор үміт күтуге болады. Екі жыл ішінде жасөспірімнің велоспортқа деген қызығушылығы едәуір артқан. Тіпті, жарыс десе ішкен асын жерге қоюға даяр. Алайда, Әлішердің сөзінше, бастысы – жеңіс емес, қатысу дейді.

Әлішер Шалбай – жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

– Осы жылғы сайыстарда жақсы нәтижелер көрсетіп, үздік ондықтардан көріне бастадым. Велоспорт – қиын спорт түрлерінің бірі. Жалпы, өмірде оңай жолмен жүргісі келетін адамдардың алдынан әрқашан қандай да бір кедергілер шығады. Ал, күрделі жолды таңдағандардың қолынан барлығы келеді. Сондықтан, да осы спортты таңдадым.

Жарыс басталып кетті. Бүгін шабандоздар 40 шақырымды бағындырулары қажет. Велосипедті тізгіндеген ұл-қыздардың әрбіреуінің өз тактикасы бар. Бірі күштерін жарыс соңына қалдырса, келесілері алғашқы сәттен-ақ алға ұмтылды. Жалпы дүбірлі додаға еліміздің 8 өңірінен 18 команда қатысуда. Олардың алтауы – солтүстікқазақстандық құрамалар.

Данияр Жолдаспаев – Петропавл қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімінің жетекшісі:

– Бұл – жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі жарыс. Сайысқа 113 ұл мен қыз қатысуда. Биыл аздап форматын өзгерттік. Доданың соңғы күні критериум-жарысын өткіземіз. Кейін жеке және жалпыкомандалық есептегі жеңімпаздар анықталады.

Велошабандоздар бәйгесі 4 күнге жалғасады.

 

Эльмира Садвокасова