Спорт

“Ринг Патшасы” турнирі бокс ардагерлерінің басын қосты

Шаршы алаңда – Жамбыл ауданының спортшысы Жабай Ахметов пен петропавлдық Руслан Канафин. Екеуінің де бокста жеткен жетістіктері көп. Қызыл бұрыштағы Жабай Ахметов қарсыласын техникалық нокаутқа жіберіп, бірінші раундта-ақ жеңіске жетті. Айта кетейін, “Ринг патшасы” турнирі әрқайсысы 2 минутқа созылатын 2 раундтан тұрады.

Жабай Ахметов, турнирге қатысушы, Жамбыл ауданы:

– Қарсыласым осалдау болды. Бірден техникалық накаундқа жібердім.

Көптің күткен кездесуіне де кезек жетті. Бұл – солтүстікқазақстандық Андрей Царев пен алматылық Карен Пашикянның бәсекесі. Оңтүстік астанадан келген мейманның жасы 37-де. Күші тысыған жігіт 25 жыл спортпен айналысады. Айтып тұрған спорты бокс емес. Грепплинг пен джиу-джицу. Грек-гим күресінен де ептеп хабары бар.

Ал, оның қарсыласы – жерлесіміз Андрей Царев. Бір-екі күннен кейін 52-ге толады. Бокспен 40 жылға жуық айналысып келеді екен. Шаршап қалып, жас қарсыласының қатты соққысынан бір екі рет құлап та қалды. Жарқаттанып та үлгерді. Сонда да ұпаймен жеңілді.

Андрей Царев, турнирге қатысушы, Петропавл қаласы:

– Қорқатын ештеңе жоқ екен. Қолғап түйістіруге әлі де болады. Қарсыласым күшті. Ол сияқты азаматтар спортқа көптеп бет бұрса жақсы. Қазір жастар телефоннан бас алмайды. Жасыма қарай шаршы алаңға шығып, оларға үлгі көрсеткім келді.

Карен Пашикян, турнирге қатысушы, Петропавл қаласы:

– Қатты ұрмай тек қолды сермеу керектігін ескертті. Қанша тырыссам да болмады, күшке ерік беріп қойдым. Қарсыласым жастау болса көкемді көрсетер еді. 4 баланың әкесімін. Оларды да спортқа баулыймын.

СҚО-да өтіп жатқан “Ринг патшасы” ашық турнирі қазақстандық бокс ардагерлерінің басын қосып отыр. 5 салмақ дәрежесінде 19 спортшы қатысуда.

Руслан Есеналин, СҚО спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы:

– Астана, Алматы, Жамбыл, Қостанай және СҚ облыстарының командалары қатысуда. Бастысы, спортшының денсаулығы мықты, жасы 35-тен асқан болу керек. Өткізу шарты жеңілдетілген. Кәсіби бокстағыдай әрқайсысы 3 минутқа созылатын 3 раундтан тұрмайды. 2 минуттан 2 раунд. Жүлде қоры – 1 млн 200 мың теңге. Әр салмақ дәрежесі бойынша бірінші орын – 150 мың, екінші – 100, үшінші орын – 50 мың теңге.

Сенбі, жексенбі күндері турнирдің ширек және жартылай финалдары өтті. Бұдан іріктелген шын мықтылар 30 тамыз күні 17:00-де орталық алаңда өтетін ақтық кезеңде кездеспек.

 

Акбопе Танирберген