Спорт

“Қызыл-Жар СҚ” командасы оңтүстікқазақстандық “Мақтаарал” құрамасымен кездесті

Басымдықты Мақтааралдықтарға берер емес. Бірінші таймның аяқталуына санаулы минуттар қалды. Жерлестердің қарқыны одан әрі күшейе түсті. Нәтижесінде, ойынның есебі де ашылды. Гол авторы – қызылжарлық шабуылшы 7 нөмірдегі Тимур Мульдинов.

Матчтың алғашқы 45 минуты 1:0 есебімен аяқталды.

– Ойын жақсы өтіп жатыр. Командамыз мықты. Жеңіске жетеді деп ойлаймын.

– Бірінші тайм 1:0. Екінші таймда тағы бір-екеуін кіргізсе жақсы болар еді. Мақтааралды жеңу керек.

Үзілістен кейін қос команда қанша шабуылдағанымен, допты қақпаға дарыта алмады. Оңтайлы сәтті пайдаланған мақтааралдық ойыншылар қарқынын күшейтті. Алайда, бағытталған соққылардың барлығы сәтсіз. Еселерін тек ойынның 78-минутында ғана қайтара алды. Есепті теңестірген – Самит Чулагов.

Мақтааралдықтардың қуанышы көпке созылмады. Тура 6 минуттан соң Тимур Мульдинов тағы жарады. Екінші таймның соңындағы есеп – 2:1. Негізгі уақытқа тағы 5 минут қосылды. Қарсыластар барын салып тырысса да бұларынан түк шықпады. Жеңіс – “Қызыл-Жар СҚ” командасының еншісінде.

Тимур Мульдинов – “Қызыл-Жар СҚ” ФК ойыншысы:

– Бүгінгі матч болжағанымыздай өте ауыр болды. Ойынға бір апта бойы дайындалдық. Қарсыластар мықты. Жанкүйерлерімізге алғысымды білдіремін. Қолдауларының арқасында жеңіске жеттік.

Ойын нәтижесі бойынша теріскейлік команда турнирлік кестеде 32 ұпаймен екінші орында тұр.

 

Эльмира Садвокасова