Әр түрлі

Қызылжар ауданының прокурорлары Соколов және Шөптікөл мектеп-интернатының тәрбиеленушілерімен кездесті

Сүйкімді қояндар мен хаски иттерін тамашалаған соң балалар басты алаңға жиылды. 10 жылдық еңбек өтілі бар психолог Қайрат Бламбаев жеткіншектермен тіл табысудың жолын жақсы біледі. Сондықтан, ол оқушылар үшін тренингтің түр-түрін дайындапты.

Қайрат Бламбаев – Пеньков орта мектебінің педагог-психологы, Қызылжар ауданы:

– Бүгін балаларға ұсынылатын бағдарламамыздың барлығы ойын түрде өткізіледі. Сонда олар өздерін еркін сезініп, өз ойларын жеткізе алады. Сұхбат барысында жасөспірімдер арасында болатын мәселелерді де талқыға саламыз.

Алдымен, кішігірім ойындар танысуға бағытталса, кейін топ арасындағы ұйымшылдықты арттыруға арналды. Сондай-ақ, бұл тренингтер өзіңнің ғана емес, досыңның жаңа қырын байқауға септеседі екен.

Александра Харина – Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған Соколов арнайы (түзету) мектеп-интернатының тәрбиеленушісі:

– Бізді өте жақсы қарсы алды. Ұйымдастырылған шаралар барлығының көңілінен шықты деп ойлаймын. Түрлі ойындар ойнап, тренингтерге қатыстық.

Шараға белсене ат салысқандар кішігірім сыйлықтарға ие болды. Жалпы, Қызылжар ауданының прокурорлары осы сынды кездесулерді жиі ұйымдастырып тұрады. Оқу жылы барысында мектептерді араласа, демалыс кезінде балалармен бірге табиғат аясына шығуды жөн көрген.

Ғалымжан Әубәкіров – Қызылжар ауданының прокуроры:

– Кәмелет жасқа толмаған балалардың құқығын қорғауға бағытталған шараларды жиі ұйымдастырамыз. Осы жолы оқушыларды демалыс орнына шақырдық. Әдетте, интернат тәрбиеленушілері қоғамға бейімделу кезінде кейбір мәселелерге тап болады. Сондықтан, олар түрлі құқықбұзушылық пен қылмысқа баруы мүмкін. Психолог маманның қатысуымен өтетін осындай кездесулер оларға болашақта дұрыс бағытты таңдауға көмектеседі.

Жалпы, Қызылжар ауданында өткен жылмен салыстырғанда кәмелеттік жасқа толмаған балалармен жасалатын қылмыстар саны 75 пайызға төмендеген екен.

 

Эльмира Садвокасова