Әр түрлі

Петропавлда Шекарашылар күні аталып өтілді

Мадияр Қожаxмет – СҚО әкімі аппаратының жетекшісі:

– Бүгінгі біздің құрметіміз бен қошеметіміз егемен елдің тыныштығын күзетіп, кең байтақ жердің сақтығын қадағалаған, сөйтіп Отан алдындағы борышын қызметтік абыройын мінсіз атқарып жүрген шекарашыларға арналады.

Бұдан соң қызметтік жауынгерлік жұмыста қол жеткізген көрсеткіштері, мемлекеттік шекараны қорғау ісіне қосқан үлесі үшін бірқатар жерлесіміз облыс әкімінің Құрмет грамотасын иеленді. Марапат алғандардың қатарында “Мамлютка” теміржол шекара бақылау бөлімше бастығының орынбасары Бағлан Жарылқапов та бар. 30 жастағы шекарашы ел тыныштығын күзету – абыройлы іс дейді.

Бағлан Жарылқапов – “Мамлютка” теміржол шекара бақылау бөлімше бастығының орынбасары:

– Теміржолда жолаушылар вагондарға отырғаннан бастап тексереміз. Биыл бөтен төлқұжатпен мемлекеттік шекараны кесіп өтпек болған 6 азамат ұсталды. Оның 5-уі қазақстандық болса, біреуі қырғыз елінікі.

Сондай-ақ, жиында шекара қызметінің құрылғанына 25 жыл толуына орай ведомстволық наградалармен 12 солтүстікқазақстандық марапатталды. Еліміз бейбіт өмір сүріп жатыр. Көршілермен де жақсы қарым-қатынас орнаған. Алайда, соған қарамастан шекарада заңды белшесінен басатындар да жетерлік. Мәселен, жыл басынан осындай 50-ден астам құқықбұзушылық анықталған. Көбіне шекарада тәртіпті Ресей азаматтары елемейді екен.

Жұмаxан Әбілбеков – ҚР ҰҚК Шекара қызметі 2032 әскери бөлімі командирінің орынбасары:

– ҚР-да шекарашылар 15 мыңнан астам шекараны күзетеді. Түрлі заңбұзушылықтар да орын алып жатады. Есірткі затымен, заңсыз қару өткізумен ұсталғандар бар.

Биыл еліміздің шекара қызметінің құрылғанына – 25 жыл. Қазіргі таңда ел тыныштығын өңірде 1 мыңнан астам қызметкер күзетіп келеді.

 

Риат Шони