Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавл қалалық мәслихатының XIV сессиясы өтті

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Жыл басынан облыс орталығында 8 көше және 100 аулаішілік жол қалыпқа келтірілді. Бұл жұмыстар жалғасын табады. Жақында ел қазынасынан қомақты қаражат бөлінді. Ол ақшаға 18 магистралді көше орташа жөндеуден өтпек.
Жаңа бағдаршамдар мен аялдамалар орнатылады. Облыс орталығында халық саны өсіп келеді. Биылдан бастап автобус парктері жаңартылады. Су жаңа, іші кең, мүмкіндігі шектеулі жандардың кіріп-шығуына ыңғайлы болатын қоғамдық көліктер аламыз. 3-еуі қыркүйек айында әкелінеді.

Келешекте бюджет қаражатын үнемдеу бағытында “Ақылды қала” жобалары қолданысқа енгізіледі. Көлік-логистика және құрылыс индустриясы дамиды. “Жас өркен” ықшам ауданында 12, 16 қабатты үйлер тұрғызылады. Осы ауданнан 1,5 мың отбасыға баспана беру көзделген. Көппәтерлі тұрғын үйлердің төменгі қабатына балғындар үшін шағын орталықтар ашылады. Осылайша, әкімдік 3 жасқа дейінгі балғындарды мектепке дейінгі біліммен қамту мәселесін біртіндеп шешпекші. Одан бөлек “Орман” мөлтек ауданында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 140 орынға шақталған балабақша тұрғызылады.

Марат Тасмағанбетовтың баяндамасына қарағанда, шаһарымыздың экономикалық-әлеуметтік даму динамикасы қалыпты. Барлық саладағы көрсеткіштер өткен жылмен сәйкес. Биыл “ЗИКСТО” және “ПАМЖЗ”-тарының өндіріс қуаты үш есеге артты. Аталмыш кәсіпорындар былтырғымен салыстырғанда 2,5 -6 есе көп тапсырыс алған.

Облыс орталығында тіркелген 15 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі өнім өндіру көлемін 30 пайызға ұлғайтыпты. Үстіміздегі жылы шағын бизнес иелері жұмысшыларының жалақысын 14 пайызға көтеріп, 80 мыңға дейін жеткізген.
Тұрғындарды жұмыспен қамту сұрағы да – күн тәртібінде. 750 петропавлдық “Жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру және жұмыспен қамту” бағдарламасына қатысуда.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Соңғы 7 айда азаматтарды еңбекпен қамту көрсеткіші жоғарылады. 900 адам тұрақты жұмысқа орналасты. 1 680 жаңа жұмыс орны құрылды. Қоғамдық жұмыстарға уақытша 563 тұлға тартылды. 1,5 мың астам мүмкіндігі шектеулі жан ерекше қамқорлыққа алынды. Баспана кезегінде тұрған 26 жетім және 20 толымсыз отбасы бір реттік жәрдемақы алды. “Өрлеу” бағдарламасының арқасында әлеуметтік аз қамтылған 107 адам тұрақты еңбекпен қамтылды.

Биыл көктемгі су тасқынынан зардап шеккен 271 қала тұрғынына жалпы сомасы 100 млн теңгеге жуық өтемақы төленіпті. Биыл Былғары зауыты ауданындағы дамба 3,1 шақырымға ұзартылады. Шаһар басшысы оған ел қазынасынан 2,7 млрд теңге бөлінгенін жеткізді.

Сондай-ақ, жиында қалалық ІІБ Жергілікті полиция қызметінің жарты жылдық жұмысы сараланды. Ведомство бастығы Асан Смағұловтың мәліметінше, барлық қылмыс түрлері 34 пайызға төмендепті.

Берік Қасен