Құқық қорғау органдары

Биыл ҚР ҰҰ Әскери иснтитутына 201 курсант қабылданды

Қолына салмағы ауыр қару алып, түрлі жаттығу орындап тұрған сарбаздардың қатарында Бақдәулет Жолдас та бар.

Бақдәулет Жолдас – ҚР ҰҰ Әскери институтының курсанты:

– Өзімнің отбасымда әкемнің інісі полицияда жұмыс істейді. Қазір ол полиция майоры. Соның артынан ердім. Марқұм әкем айтушы еді, жай адам болғанша, Отан қорғайтын батыр бол деп. Сол себепті Ұлттық Ұланға түсіп, бейбіт өмірді сақтауға міндет қойдым.

Ал, мына аудиторияда курсанттар қару-жарақты қолданудың әдіс-тәсілдері мен олардың ұсақ бөлшектерін дұрыс жинауды меңгеруде. Әскери өмірдің қыр-сырын оларға взвод командирі Серік Абилғазинов үйретуде. Ол – алдағы 4 жылда осы жас толықтырушы құрамға жауапты азамат. Сондықтан, болашақ офицерлерді нағыз патриот етіп тәрбиелеуге барын салмақ. Өйткені, өзі де аталған оқу орнының 2012-ші жылғы түлегі екен.

Серік Абилғазинов – ҚР ҰҰ Әскери институтының 1-ші взвод командирі:

– Жас толықтырушы құрамның әскери өмірге деген қызығушылықтары жоғары. Дайындықтары да жаман емес.

Әскери киім киіп, ел үшін адам қызмет етемін деушілердің қатары жыл санап артып келеді. Мәселен, биыл өңірде Ұлттық Ұланның қатарында көрінгісі келгендердің саны 500-ден асқан. Бірақ, барлығы бірдей әскери адамға қойылған қатаң сыннан өте бермейді. Бірі физикалық тұрғыда дайын болмаса, екіншілері білім жағынан осалдау. Ал, енді бірінің денсаулығында кінәрат бар екен. Десе де, барлық талапқа сай және 1 айлық қатаң әскери өмірге шыдас берген 201 жігіт офицер атану мүмкіндігіне ие болды.

Серік Ахметов – ҚР ҰҰ Әскери институты оқу-әдістемелік жұмысы бөлімінің бастығы:

– Қазақстанның барлық өңірлерінен бізге курсанттар келеді. Көбіне Солтүстік, Ақмола және Алматы мен ОҢтүстік өңірлерден келеді. Негізі құзіретті органдардың беруі бойынша бізде 7 мамандық дайындалады. Ал биыл 4 мамандыққа курсанттарды қабылдадық. 

Әскерилердің қатаң тәртіпке бағынып, берілген команданы тыңғылықты орындайтындары белгілі. Дегенмен, олар да шығармашылыққа жақын азаматтар екенін бірі білсе, бірі біле бермес.

Бұл бір топ курсант бірер күннен соң шет ел асып, Ресейге кетеді. Айту керек, биылғы жылы өзге мемлекетте әскери білім алу мүмкіндігіне 40 солтүстікқазақстандық азамат ие болған.

 

Айгерим Ержанова