Денсаулық сақтау

Соңғы 7 айда СҚО-да нашақорлардың саны 3 пайызға төмендеген

Артур – 28 жаста, өңір тұрғыны:


– Мектепті тәмамдағаннан кейін 10 жыл наша шектім. Соңғы үш жылда синтетикалық есірткі тұзды тұтына бастадым. Оған тым тәуелді болып қалдым. Маған мамандардың көмегі қажет. Алғашқы қадам жасалды. Өз еркіммен наркологиялық орталыққа келдім. Өз өмірім үшін күресуге дайынмын. Емделіп шығып, отбасын құрғым келеді.

Білікті мамандардың айтуынша, соңғы жылдары елімізде спайс, тұз тәріздес
синтетикалық психотропты заттар кеңінен таралып кетті. Оларға, әзірге, елімізде заң бойынша шектеу қойылмаған. Бүгінде әрбір үшінші нашақор жүре пайда болған иммундық дефицитi синдромын (ЖИТС), гепатит тағы да басқа қауіпті ауру түрлерін жұқтырып алуда.

Дәуренбек Бейсембаев – Облыстық наркологиялық орталықтың бас дәрігері:


– Психо белсенді заттарға әуестеніп алғандарға білікті мамандардың көмегі ауадай қажет. Нашақорлар наркологиялық орталыққа анонимді түрде келе алады. Бүгінде шприцтерді, инелерді және инъекциялық құралдарды бірлесіп пайдаланудың салдарынан АҚТҚ жұқпасын жұқтырып алу қаупі жоғары. Көбінесе 35 жасқа дейінгі жастар түрлі ауруларға шалдығуда.

Евгений Заняц нашақорлардың жағдайын жақсы түсінеді. Кезінде өзі де солардың қатарында болған. Ол бұл шырмалаңнан шығудың жолы бар дейді.
Сол себепті, ол қиын жағдайда қалған жандарды рухтандырып, үміттерін үзбеуге үгіттейді.

Евгений Заняц:


– Өзім 21 жыл үздіксіз есірткі қолдандым. Күндерді бір күнінде өзіме есірткіні тастаймын деп ант бердім. Өткен мағынасыз өмірімді ой елегімнен өткіздім. Өзімен өзім күрестім. Сөйтіп, бұл шырмалаңнан әрең дегенде босап шықтым. Бүгінде ел қатарлы өмір сүріп жатырмын. Салауатты өмір салтын ұстанамын. Үйлі-баранды болдым. Мені жақсы көретін келіншегім, балаларым бар.

Өзін-өзі төмен бағалаған, ішкі жан күйзелісіне түскен адамдар көбіне теріс қадамдарға барып жататынын дәрігерлер растап отыр.

Галина Андреева – Облыстық наркологиялық орталығы №1 бөлімшесінің меңгерушісі:

– Бүгінде барлық қалалық емханаларда наркологтар мен психологтардың кабинеті жұмыс істейді. Онда аталған мамандар маскүнемдер мен нашақорларға және олардың туыстарына кеңес береді. Сондай-ақ, өңір бойынша 47-57-25 сенім телефоны жұмыс істейді. Жыл басынан бері 3 мыңнан астам солтүстікқазақстандық мамандардың кеңесін алды.

Жыл басынан бері облыстық наркологиялық орталыққа 400 адам келген. Соның 111-і – нашақор. Жалпы бүгінде орталық мамандарының қарауында 7 100-ден астам науқас бар.

Берік Қасен