Спорт

Петропавлда Спорт күніне орай кросс ұйымдастырылды

Райымбек Тұрғынбеков – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Біз күнде жаттығамыз. Ең әуелі 3 шақырым жүгіреміз. Кейін арнайы жаттығулар жасаймыз.

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театры алдына бүгін еңкейген қариядан бастап, еңбектеген балаға дейін келді. Олардың барлығы дәл қазір Пушкин, Сүтішев және Қазақстан Конституциясы көшелері арқылы жеңіл жүгіріспен жүгіріп өтпек. Жалпы қашықтық 1 мың 200 шақырымды құрайды.

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Бұл шараға қатысуға 500-ден астам теріскейлік ниет танытты. Халықтың барлық санаты жүгіруге дайын. Жалпы қазір өңірде спортқа үлкен көңіл бөлінуде. Бұл сала уақыт өткен сайын дамып келеді. Бүгінде облыста 2 мың 854 спорттық нысан жұмыс істеуде. Ал, спортшыларымыз ел біріншілігінде, халықаралық додаларда топ жарып жүр. Бүгінгі шараға бірқатар атақты жерлестеріміз де қатысуда.

Әне-міне дегенше, 500-ден астам теріскейлік тақтайдан тегіс жолмен жарыса жүгірді. Салауатты өмір салтын ұстанатын жерлестеріміздің қатарында жеңіл атлетикадан ҚР спорт шебері Светлана Кузнецова да бар. Нәзікжанды спорттың ханшайымы саналатын жеңіл атлетикамен 11 жыл бойы айналысады. 25 жасар желаяқ бұндай шаралар көптеп ұйымдастырылу керек дейді.

Светлана Кузнецова – жеңіл атлетикадан ҚР спорт шебері:

– Біз, барлығымыз – кәсіби спортшылар салауатты өмір салтын ұстанатын жерлестерімізбен бірге жүгіріп келе жатырмыз. Бұл – игі шара. Осындай акциялар жиі ұйымдастырылса нұр үстіне нұр. Кіші жастағы балаларды, жасөспірімдерді көптеп спортқа тарту керек.

Шараға қатысушылардың алғашқы легі межелеген жерге 10 минутқа жеткізбей келді. Спорт күніне орай ұйымдастырылған кросс соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.

 

Айгерим Ержанова