Аптадағы маңызды жаңалықтар

Биыл Аққайың ауданында 53 шақырым жол жөнделді

Римма Яшина – Власовка селолық округының тұрғыны, Аққайың ауданы:

– Бұған дейін бұл жердің жолы өте нашар болатын. Сапасы сын көтермейтін. Қазір жөндеуден өтті. Тақтайдай тегіс. Тағы Қиялы жақтағыны да қалыпқа келтіріп жатыр. Оған өте ризамыз. Енді аудан орталығына қатынау жеңілдей түсті.

Жалпы Смирново-Қиялы бағытындағы бұл тас жол соңғы рет 37 жыл бұрын жөнделген. Оның өзінде күрделі емес тек орташа қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілген. Биыл ақ түйенің қарны жарылып осы маңда – 800, Қиялы станциясында 200 метр тас жолға жаңа асфальт төселуде. Бұл істің атқарылуына 2015-2016-шы жылдардағы көктемгі су тасқынының салдары себепші болған. Өйткені, сол кезде қызыл су Смироново селосының солтүстік бөлігіндегі көшелерді басқан. Содан темір жол өткелі жанында диаметрі – 1, ұзындығы 11 метр болатын бетон құбыр орнатылып, табиғаттың тосын мінезіне биыл мұндағылар төтеп беріпті. Бұл жұмыстарға облыстық бюджеттен қыруар қаражат бөлініп отыр.

Қанат Әленов – Аққайың ауданы әкімінің орынбасары:


–  Астарахань-Смироново бағытындағы тас жолды жөндеуге биыл облыстық бюджеттен 258 млн теңге қаражат бөлінген. Жолдың ұзындығы 14 шақырым. Тағы Смирново-Қиялы бағытына 150 млн теңге берілді. Оны қазан айына дейін толық игереміз.

Тас жолды жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың мамыр айында басталған. Жоспар бойынша ол қазан айында толық аяқталмақ. Жалпы биыл Аққайың ауданында 53 шақырым жол жөнделген. Оның 4-уі – облыстық, 2-уі аудандық маңызға ие. Тағы Смирново селосындағы 3 көшенің де жолдары қалыпқа келтірілген. Оған қаражат облыстық және аудандық бюджеттен бөлініпті.

 

Риат Шони