Қайырымдылық

Жетіс көрсең жебей жүр

Кішкентай Алина ерекше қуанышты. Ол әткеншек толы саябаққа бірінші рет келіп тұр. Сәби шынайы әсерлерін жасыра алмай, барлық тербеткіштерге отырып, асыр салып ойнап жүр. Мұнда “Үміт” тобының балалары жүр. Оларды жиі болмаса да / аналары көруге келіп тұрады. Ал, Трофимнің жасы 3-те екен. Ол бір жарым жасынан Сәбилер үйіне тәрбиеленіп жатыр. Тұл жетім. Тәрбиешілері ашық, ақылды, барлығын түсінеді дейді. Ол үшін бүгінгі шара үлкен сый болды.

Елена Ушакова, “Сәбилер үйі” КММ тәрбиешісі:


– Балалар үшін мұндай шара үлкен қуаныш. Олардың жүздері бал-бұл жанып тұр, алған әсерлері өте көп. Кімге қандай әткеншектің ұнағанын жарыса айтуда. Жылына бір рет осында шақырту аламыз. Барлығы тегін. Бастысы бөбектеріміз мәз-мейрам болып қайтады.

Бүгін Сәбилер үйінен 2-3 жастағы отызға жуық бүлдіршін келген. Жалпы қайырымдылық акцияларын “Мир аттракционов” серіктестігі жыл сайын ұйымдастырады. Мәселен биылғы маусымда 8 мыңнан артық балаға жалпы құны 2 млн теңгені құрайтын билеттерді тегін таратқан. Мұндай сыйлыққа өңірдегі толымсыз және көпбалалы отбасылардың балалары мен жетімдер үйінің тәрбиеленушілері ие болған.

Александр Козлов, “Мир аттракционов” ЖШС директоры:


– Бұл жастағы балалар өмірлеріндегі ең жарқын сәттерді естерінде мәңгі сақтап қалады. Мен дәл осы күлкі мен көңілді күн олардың жадында болғанын қалаймын. Ата-ана жылулығын сезіне алмайтын бөбектердің күлуіне себепкер болу – біз үшін үлкен бақыт. Қайырымдылық шараны алда келе жатқан Құрбан айт мейрамымен орайластырып отырмыз.

Қазір “Мир аттракционов” серіктестігінде 35 әткеншек бар. Оның 4-уі жаңадан қойылған. Биыл саябақты жаңғырту жұмыстарына 17 миллион теңге жұмсалған.

 

Акбопе Танирберген