Ауыл шаруашылығы

Есіл ауданындағы “Жарқайың” ЖШС танап басындағы астықты бастыруға кірісті

Еңбеккерлер күн сайын танап басына таңғы шық басылғаннан кейін шығады. Олай етпесе, дәнді дақылдың дымқыл сабақтары дестелегіштің пышақтарына ілікпейді. Бір тракторды Виталий Гончаров тізгіндеп жүр. Білікті механизатордың ауыл шаруашылығы саласында білген-түйгені көп.

Виталий Гончаров – Александровка селосының тұрғыны, Есіл ауданы:


– Биылғы өнім жақсы. Оны бидайдың масағынан көруге болады. Өзім ауыл шаруашылығы саласында 10 жылдан артық еңбек етемін. Жалақыға көңілім толады.

Бұл алқап “Жарқайың” серіктестігіне тиесілі. Агроқұрылымға Сергей Шинкаренко жетекшілік етеді. Ол масақтары қызғылтым келген жаңа сұрыпты үшінші жыл өсіруде. Көрші мемлекеттің Түмен облысынан әкеліпті. Айтуынша, өсімдіктің сабағы биік емес. Оңай орылады. Шығымдылығы жақсы. Сәйкесінше, дән маңызы жоғары.

Жалпы “Жарқайың” серіктестігінде 2 мың 585 гектар егістік бар. Соның 1 800 гектарына бидай, қалған жерге арпа дәні сіңіріліпті. 700 гектарын парға қалдырыпты.

Сергей Шинкаренко – “Жарқайың” ЖШС атқарушы директоры, Есіл ауданы:

– Астықты бастырып жатқанымызға екінші күн болды. Әзірге, гектарынан 16-22 центнерден алып жатырмыз. Келесі алқаптарда шығымдылығы одан да жоғары болады деп шамалап отырмыз. Бидайдың ылғалдылығы нормаға сай – 14 пайыз. Дән маңызы 23 пайызды құрайды. Биыл гербицидке мемлекеттен субсидия алдық. Дизельдік отын жеткілікті.

Сергей Шинкаренко Александровка селосынан 22 тұрғынды маусымдық жұмысқа тартыпты. Соның 9-ы – комбайншы. Еңбеккерлер астықты “Нива” комбайндарымен бастырып жүр. Әрбіреуі күн сайын 600 центнер өнім жинайды. Жұмысшылар
таңғы 8-ден түнгі 3-ке дейін танап басында тынбай еңбектенеді. Солардың бірі – Анатолий Ткаченко.

Анатолий Ткаченко – Александровка селосының тұрғыны, Есіл ауданы:


– 26 жыл комбайншы болдым. Соңғы 2 жыл бойы бригадирмін. Танап басында жұмыс жақсы жүріп жатыр. Мың гектардан артығын құлаттық. Соның 300 гектарындағы егінді бастырып алдық.

Ауа райы оң қабақ танытса, “Жарқайың” серіктестігінің жұмысшылары егінді 30 күннің ішінде жинап алмақшы.

Берік Қасен