Әр түрлі

Тың игеру жылдарына арналған ескерткіштің алдағы жайы анықталды

– 63 жыл бұрын бұл трактор егін егу науқанындағы жұмыстарға жұмылдырылған. Кейін ол тың игеру жылдарының ескерткіші ретінде қала аумағына орналастырылды. Алайда, бүгінде тарихи жәдігердің жағдайы мынадай. Ондағай жылдар бойы трактор күрделі жөндеу көрмеген.

Тарихи жәдігерді кім және не себепті өз орнынан алып тастағаны жайлы қала тұрғындары бейхабар. Бірақ, астықты өлке үшін маңызды ескерткішті қайта орнату қажет дейді.

–  Бұл біздің тарихымыз ғой. Оны тың игерушілердің құрметіне орнатты.

– Тың игеру өткен ғасырдың 50-ші жылдарындағы елеулі оқиға болды. Бұл жәдігер сол тарихи жайттардан сыр шертеді. Сондықтан, оның қайта орнатылғаны жөн болар еді.

Біреулері ескерткіштің алынып тасталуын Астана-Петропавл тас жолының жөнделуімен байланыстырса, енді біреулері тракторды қалыпқа келтіріп, қайта орнатады деп сенуде. Қалалық әкімдік өкілдері болса шаһар тұрғындарына тарихи жәдігер болашақта өзіне лайықты жерге орнатылады дейді.

Жанар Рахметова – Петропавл қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы:

– Ескерткішті қалыпқа келтіру жұмыстары аяқталған соң, сәулет-құрылыс кеңесінде оның орналастырылатын жері белгіленеді. Алдағы уақытта шаһар аумағында тыл еңбеккерлері аллеясы ашылмақ. Бізге бірнеше қала тұрғындарынан тарихи жәдігерді дәл сол аллеяға орналастыру жайлы ұсыныс келіп түсті. Кеңес барысында қалалықтардың да пікірі ескеріліп, қаралады.

Жалпы, тың және тыңайған жерлерді игеру жылдары егістіп алқаптарындағы жұмыстарға мыңдаған адам жұмылдырылды. Нәтижесінде 1 млн 43 мың га жер өңделген екен.

Эльмира Садвокасова