Әр түрлі

Петропавлдық “Sensіtive” би ансамблі Болгариядан жүлдемен оралды

Бұл сында Веналық вальс пен тангоны нақышына келтіре орындап, көпшілік пен қазылар алқасының ерекше қошеметіне ие болды. Болгариядағы Обзор қаласында шілденің 14-31 аралығында өткен сайыста жерлестеріміз жалпы саны 6 би орындап, барлығын да жоғары дәрежеде жеткізген.

Ольга Ростовщикова, “Sensіtive” би ансамблінің көркемдік жетекшісі:


– Театр өнері кезеңіне бірінші рет қатыстық. Екі бірдей театрландырылған қойылым ұсынып, екі 2-ші орын алдық. Одан бөлек, барлық байқау қорытындысы бойынша гран-приге ие болдық. Жеке номинациялар бойынша тағы бірнеше 2-ші орындарға қол жеткіздік. Ансамбль бишілері шеберлік сыныптарына қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Қазылар алқасында әр елден келген нағыз бидің 9 майталман маманы отырды.

10 елден 280 елдің кілең мықты бишісі қатысқан “Розы Обзора-2017” байқауында “Sensetive” ансамбілінің 3 жұбы күллі Қазақстанның намысын қорғады. Олардың барлығы – «Есту қабілеті нашар балаларға арналған облыстық арнайы (түзету) мектеп-интернатының» тәрбиеленушілері. Сондықтан, әр бишіге жеке, ерекше көңіл бөлу керек. Ым арқылы би қимылын жеткізу де оңай емес, дейді көркемдік жетекші. Десе де, дыбысты нашар еститін қыз жігіттер әуенге сай жанымен беріліп билейтін қабілетке ие. Осыны жеткізе алғандықтан да жоғары орындардан көрініп отыр.

Айнур Саинова, “Sensіtive” би ансамблінің бишісі:

 


– Біз үшін бұл байқауда өнер көрсету қиын болды. Қобалжыдық. Себебі, тек өңірдің ғана емес күллі республикамыздың намысын қорғадық. Болашақта бұдан да мықты нәтиже көрсету үшін тер төгеміз.

Солтүстікқазақстандық есту қабілеті төмен балалардан жасақталған би ансамблі жатпай-тұрмай дайындықтарын әрі қарай да жалғастыра бермек. Себебі, алда тағы бір халықаралық жоба тұр. Жерлестеріміз қазан айында Сочиде өтетін бишілер форумына шақырту алған.

Эльмира Садвокасова