ТКШ

Петропавлдағы бірқатар көпқабатты тұрғын үйлердің сырты түрлі түстерге боялуда

Мәселен, дәл қазір Мир көшесіндегі 107-үйге жаңаша реңк беру үшін 2 маман еңбектенуде. Олар мына баспананың қасбетін эмульсиямен бояуда. Бұл жұмыстарға 5 күн бұрын кірісіп кеткен. Орташа есеппен бір нысанның сыртын түрлі түске бояу үшін жұмысшылар 1 аптадай уақыт жұмсайтын көрінеді. Жалпы ағымдағы жылы облыс орталығында 20 ғимарат әрленеді деп жоспарланған.

Дәулет Қалиасқаров – Петропавл қаласы тұрғын үй инспекциясының жетекшісі:

– Соңғы екі жыл ішінде қаладағы 50-ге жуық нысанның сырты қалыпқа келтірілген. Яғни, оның 15-ы – 2015 жылы, ал 30-ы былтыр сырланды. Осы шаралардың барлығы кәсіпкерлердің қаражаты есебінен жасалуда.

Негізі тұрғын үйлердің дені жасыл, қызыл, көк және сары түстермен боялуда.
Петропавлдықтардың айтуынша, осындай жұмыстар шаһарымызды көріктендіріп, қалаға жаңаша реңк береді.

– Қаламыз көркейе берсін. Бәрі де жақсы болсын. Үйді тек қана сырлап қоймай, қаламыздың көшелері де таза болсын.

– Әрине, шаһарымыз жаңа бір кейіпке еніп, біршама ажарлана түсті. Осындай жұмыстар тоқтап қалмай, жалғаса берсін.

Айта кетсек, алдағы жылдары да осы істі жалғастыру жоспарланып отыр.

 

Тоғжан Ақмағамбетова