Ауыл шаруашылығы

Биыл “Петерфельд-Агро” ЖШС мал шаруашылығын дамытуға 36,5 млн теңге субсидия алды

Компанияның Қызылжар ауданында жалпы 4 600-ден астам гектар егістік алқабы бар. Соның басым бөлігіне арпа себіліпті.
Негізі шаруашылық машина техника базасын жаңартуда. Қазіргі таңда 13 шақты комбайн машина-трактор шеберханасында соңғы тексерістен өткізілуде. Олар екі күннен кейін күзгі өнімді бастыруға шығады. Механизатор Владимир Лябухин “Есіл” комбайн 2 жыл тізгіндеп жүр.

Владимир Лябухин – “Петерфельд-Агро” ЖШС механизаторы, Қызылжар ауданы:

– Комбайнның майын, бөлшек-саймандарын ауыстырамыз. “Петерфельд-Агро” серіктестігінде су жаңа “Esil” маркалі 8 комбайн бар. Соның 5-еуі былтыр сатып алынды. Екі күннен кейін танап басындағы дәнді дақылдарды бастыруға шығамыз. Күн райы жақсы болады деп үміттенемін.

“Петерфельд-Агро” компаниясы өзге шаруашылықтар сияқты егін жинау науқанына сырттан қосымша күш тартады. Өзге аудандар мен жақын маңдағы ауылдардан келген еңбеккерлер отбасыларымен осы үйге уақытша қоныстандырылған. Еңбекқорлары тұрақты жұмысқа қалдырылады. Өйткені, мұнда егін егумен қатар мал шаруашылығы да қолға алынған. Серіктестікте сүтті бағыттағы асыл тұқымды мүйізді ірі қара өсіріледі. Селекциялық жұмыстарды Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы институтының ғалымдарымен бірлесіп өткізеді екен. “Петерфельд-Агро” серіктестігі өңір шаруаларына 1,5 жылдық Зеңгі баба төлдерін сатады. Былтыр – 305, биыл 280 сементал тұқымды ірі қараны фермерлерге өткізіпті. Шаруашылықта барлығы 2 500-ге жуық бас бар. Соның 632-сі – сауылатын сиырлар. Компания сүттің литрін «Маслодел” зауытына 110 теңгеден тапсырады. Оған қоса ақтың әр литрі үшін мемлекеттен 25 теңге демеуқаржы алады. Соңғы 7 айдың ішінде мұндағылар 1 500 тонна ақ өткізген. Бүгінде мал шаруашылығында 32 адам жұмыс істейді. 4-еуі – сауыншы.

Шынар Омарова – “Петерфельд-Агро” ЖШС сауыншысы, Қызылжар ауданы:


– Сиырлар күніне үш рет сауылады. Жұмыс жеңіл, барлық үрдіс автоматтандырылған. Біз сиырлардың желіндерін жуып, сауу құрылғысын тағамыз. Қондырғылар – швециянікі.

“Петерфельд-Агро” компаниясы жыл сайын мемлекеттен демеуқаржы алып тұрады. Үстіміздегі жылы 36,5 млн теңге субсидия алған. Қаражат селекциялық жұмыстар мен жем-азыққа жұмсалған.

Берік Қасен