Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тамыздың 24-і мен 27-сі аралығында Астанада СҚО-ның мәдени күндері өтеді

Осы ретте айта кету керек, кемшін кетіп жатқан тұстар да жетерлік. Соларға жіті назар аудару қажет. Қызмет көрсету сапасы еш уақытта ақсамауы тиіс деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов. Кейін жиында тамыздың 24-і мен 27-сі аралығында ЭКСПО көрмесі аясында Астанада өтетін СҚО мәдени күндері жайлы сөз болды. Дүйім жұрттың алдында жерге қарап қалмау үшін маңызды шараға тиянақты дайындық қажет.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Бұл біздің қолөнеріміздің, жалпы мәдениетіміздің даму деңгейін көрсетеді. Сондықтан, жақсылап дайындалу қажет. Барлығы жоғарғы деңгейде болуы тиіс. Соған жіті назар аударыңыздар. Бұл өңірімізді паш етудің жақсы мүмкіндігі, аянып қалмаңыздар.

Сонымен, теріскейліктер астаналықтар мен елорда қонақтарын қалай таң қалдырмақшы? Ол жайлы жиналғандарға Облыстық мәдениет, архив және құжатттамалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Зәуре Нұрмұқанова баяндады.

Зәуре Нұрмұқанова – СҚО мәдениет, архив және құжатттамалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы:


–  Мәдени күндер 2 блокқа бөлінген. Бірінші күні көрме көрсетілсе, екіншісінде театрландырылған қойылымдар мен концерттер ұйымдастырылады. Тамыздың 21-і мен 31-і аралығында «Этноауыл» ұлттық мәдени кешенінде өңіріміздің қолөнер шеберлерінің көрмесі өтеді. Олар павильондар мен киіз үйлерде жайғаспақ. Мұражайлар мен архивтер де бұл шарадан қалыс қалмайды. Облыстағы барлық театрлар өз туындыларын ұсынады. Бұдан бөлек, елімізге танымал эстрада жұлдыздарының және өңіріміздің өнерпаздарының қатысуымен концерттер ұйымдастырылады.

Осы күндері яғни, тамыздың 25-інде облысымызда 3-ші өңірлік инвесторлар кеңесі өтеді. Жиында өңіріміздің инвестициялық әлеуеті таныстырылып, 10-нан астам меморандумға қол қойылмақ.

Жеңіс Асанов – СҚО индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:


–  Негізінен келетін мемлекеттер, Қытай, Ресей, Австралия, Белорусия, Аман. Оларға өңіріміздің инвестициялық әлеуетін көрсетеміз. Тағы 10-на астам меморандум жасалмақ.

Жалпы шараға 300-ден астам мейман келеді деп жоспарланып отыр. Сондықтан, оған да дайындықты қарқынды жүргізген жөн.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Әр өткізген форум бір нәтиже беруі керек. Жай ғана өткізе салу міндет емес. Бұл шара біздің, әрқайсыларыңыздың жұмыстарыңыздың нәтижесін көрсетеді. Осы жерде инвесторлармен сөйлесіп, әркім қаржы құюға ұмтылуы тиіс. Көптеген қызықты жобаларды ұсынуға мүмкіндік бар. Барлығымыз жұдырықтай жұмылып атсалысуымыз керек.

Айта кету керек, инвесторлар кеңесіне биыл алғаш рет ассамблея өкілдері де қатыспақ. Қазірдің өзінде олар іске білек сыбана кірісіп кеткен.

Мағжан Ахмадина