Әр түрлі

Солтүстікқазақстандықтардың ЭКСПО көрмесінен алған әсері

“Жасыл энергия” саласындағы жаңа технологияларды көру үшін адамдар мыңдаған шақырымды артқа тастап, көрмеге келуде. Ал, Петропавл тұрғындары үшін Астана қаласына жету оп-оңай. Осы уақыт ішінде 42 мың солтүстікқазақстандық басты оқиғаның куәгері атанған.

Руфия Мустафина, Петропавл қаласының тұрғыны:


– ЭКСПО-ны тамашалап, біздің ой-өрісіміз ғана кеңейіп қоймай, естен кетпес әсер алдық. Концерттер, түрлі шоу бағдарламалар, сахналандырылған қойылымдар. Бұның барлығы біздің елімізде болып жатқаны – мақтан етерлік жайт. Бірқатар павильондарды аралап шықтық. Алайда, қазақстандық нысан олардың арасынан ерекше орын алады. Ол жерде біздің еліміздің мәдениеті көрініс тапқан.

Келушілердің саны бойынша көшті экзотикалық мемлекеттер бастап тұр. Мәселен, өткен аптаның ең үздік павильондары деп “Африка Плазасы”, Египет және Түркия танылды. Динара Елеуоваға түрікменстандық нысан ерекше әсер қалдырыпты. Ол жерде газ отыны және күн энергиясы саласындағы инновациялық жобалар ұсынылған. Сондай-ақ, көршілес елдің ұлттық салт-дәстүрі де қызығушылықты тудырады екен.

Динара Елеуова, Петропавл қаласының тұрғыны:

– Түрікменстан павильоны ерекше есте қалды. Нысанда түрікмен халқының тұрмысы көрсетілген. Сондай-ақ, Ресей павильоны ұнады. Менің ойымша, бұл -көрмедегі ең ауқымды нысандардың бірі.

ЭКСПО-да 115 мемлекет пен 20-дан астам халықаралық ұйым өздерінің алдыңғы қатарлы технологияларын ұсынуда. Қазақстандықтарды балдырдан алынатын биоотын ерекше қызықтырған екен. Біздің елімізде, әзірге, бұндай тың әдіс қолданылмайды. Ал, АҚШ,Бразилия мен Еуропа елдерінде хлорелла өсімдігінің көмегімен баспананы жылытып, ұшақ және автокөліктерді оталдыруға болады.

Гоар Абраамян, Петропавл қаласының тұрғыны:

– Мен Германия павильонына барғым келеді, барша жұрт мақтап жатыр. Бұған қоса, нысандардың бірінде Жер планетасының пайда болған кезінен бүгінгі күнге дейінгі тарихы 3Д форматындағы бейнероликте көрсетілген.

Тың идеялар мен жобалардың болашақта өміріміздің бір бөлігіне айналатыны адам сенгісіз дейді көрмені тамашалағандар. Жалпы, екі ай ішінде шараға 2 млн-нан астам адам барған. Еске сала кетейік, EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің аяқталуына дейін бір айдай уақыт қалды.

Тогжан Акмагамбетова