Спорт

Өңірімізде велокөпкүндік жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды

Көпкүндік жарыстан кейін жастар дәрумендер қабылдап, массаждың көмегімен ағзаларын қалыпқа келтірмек. Байрақты бәсекеде Дмитрий Лукьянов Қостанай облысының намысын қорғады. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері 7 кезеңнің қорытыныдысы бойынша ең жақсы нәтиже көрсетті. Күн сайын ол 100-ден астам шақырымды орташа есеппен алғанда 17 сағат 33 минуттың ішінде еңсеріп отырған.

Дмитрий Лукьянов – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қостанай облысы құрамасының мүшесі:

– Тамыздың 11-і күні 160 шақырымды велосипедпен ойдағыдай жүріп өту мүмкін болмады. Шайтанарбаның алдыңғы дөңгелегінің желі шығып кетті. Командалас жігіттер маған көмекке келді. Солардың арқасында мен жеңімпаз атандым.

Жекелей сында екінші орыннан Никита Соколов көрінді. Ол жеңімпаздан 13 секундқа қалып қойыпты. Үздік үштікті Александр Овсянников тұйықтады. Екі жерлесіміз Вино-Астана Моторс құрамасының атынан қатысқан. СҚО-ның құрамасы бұл сында жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шықты.

Сергей Данникер – “Vino-Astana Motors” клубының жаттықтырушысы, СҚО:


– Спортшылар шеберліктерін көрсете білді. Олар жекелей және топтық сындарда өзге бәсекелестерінен жарты сағатқа озып, басым түсті. Бұл солтүстікқазақстандық велосипедшілер мектебінің даярлығының мықты екендігін аңғартады.

Жерлестерімізді аздаған үзілістен кейін үлкен додалар күтіп тұр. Олар күз айында Индонезия және Иранда болатын халықаралық жарыстарға қатыспақшы.

Риат Шони