Білім

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ға 500 грант бөлінді

Жұлдұз Мейрамова – талапкер:


–  Өзім биология пәнінің мұғалімі болуды армандадым. Балалармен жұмыс істегенді жақсы көремін. Ағылшын тілін де жетік білемін. Болашақта оқушыларға сабақты шет тілінде де бергім келеді.

Жұлдұз биология пәні мұғалімі мамандығына өтпей қалса “foundation” курсында оқуды ойлайды. Ол 1 жыл бойы шет тілін тереңдетіп меңгермек. Кейін, қайта тегін білім алушылардың қатарына қосылуды көздейді. Жалпы, биыл елімізде грантқа өтініш шілденің 23-і мен 31-і күндері аралығында қабылданды. Осы уақыт аралығында М.Қозыбаев атындағы СҚМУ түсуге 1 мыңға жуық жас ниет танытқан. Үміткерлердің 500-іне арналып грант бөлініпті.

Гүлмира Оспанова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:

– Биыл біздің университетке 100 грандқа көп берілді. Тегін білім алған жандардың есімі әлі толығымен белгісіз. Білім және ғылым министрлігінен қосымша грандтар беріліп қалуы мүмкін. Нақты жауап сәрсенбі күні шығады. Осы күні 200 адам ақылы білім алуды таңдады. Оқу ақысы сол қалпында қалды. Яғни, жылына – 370 мың теңге.

Айта кетейік, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ “foundation” курсының жұмыс істегеніне 2 жыл болды. Былтыр арнайы бөлімде 27 студент тегін білім алған. Олардың барлығы жуырда емтихан тапсырыпты. Жастардың жолдары болып барлығы да грант иегерлері атаныпты. Биыл даярлық курсында 50 адамды оқыту жоспарланған. Осы жылы университетте магистратура мен Phd докторантураға түсуге ниеттілердің де саны артыпты.

Гүлмира Оспанова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:

 

– Магистратураға түсу үшін 257 адам өтініш білдірді. Талапкерлер ағылшын тілінен емтихан тапсырды. Үміткерлердің 80 пайызы жақсы нәтижеге қол жеткізіп, 2-ші кезеңге өтті. Жалпы, магистратураға 24 мамандық бойынша қабылдаймыз. Мемлекеттен 100 грант бөлінді. Ал, Phd докторантурада 19 адам білім алуға ниет танытты.

Сонымен қатар, университетке ҰБТ мен абитуриенттің кешенді тестілеуінде де шектік ұпай жинай алмаған студенттер ақылы негізде қабылданады. Ол үшін арнайы емтиханнан өту қажет. Маңызды сынақ тамыздың 19-ы күні болады деп жоспарланған. Бүгінгі таңда 600-дан аса адам аталмыш тестілеуге қатысуға өтініш беріпті.

Култанов Байболат