МТРА жаңалықтары

СҚО бойынша білім беру мекемелерін жөндеуге 432 млн 600 мың теңге қаражат бөлінді

Владимир Новик – облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының директоры:

– Биыл бізге терезе мен есіктерді және витраждарды жаңасына ауыстыруға облыстық бюджеттен 26 млн 880 мың теңге қаражат бөлінді. Күрделі жөндеу жұмыстары шілденің 17-і басталды. Тамыздың соңына дейін толық аяқталады. Бұдан бөлек бүгін біз шатырды күрделі жөндеуге қатысты келісімшартқа қол қойдық. Алдағы уақытта ол да жаңартылады.

Сонымен, барлығы 108 терезе, 22 витраж бен 8 есік ауыстырылмақ. Бүгінде істің 50 пайызы тындырылған. Мердігер компания қызметкерлері 3-4-ші қабаттардағы жұмыстарды аяқтап, төменгілерге көшкен. Бұл аралықта орталықтағы педагогтар пен қызметкерлер демалыста жүр.
Бұдан бөлек қазір облыста 19 білім беру ошағы жөнделіп жатыр. Оның 7-еуі Петропавл қаласында орналасқан. Бұл істері атқару барысында 57 әлеуметтік жұмыс орны пайда болған.

Владимир Ткаченко – СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Биыл облыс бойынша білім беру мекемелерін жөндеуге 432 млн 600 мың теңге қаражат бөлінді. “Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы аясында 13 нысанға 191 млн 600 мың теңге ақша бағытталды. Қазіргі таңда 8 ғимаратта жұмыстар толығымен аяқталды. Тағы 6 білім беру мекемесін жөндеуге облыстық бюджеттен 240 млн 700 мың теңге бөлінді.

Жалпы барлық нысандардағы жөндеу жұмыстары жаңа оқу жылы басталғанға дейін толық аяқталмақ.

 

Риат Шони