Аптадағы маңызды жаңалықтар

Солтүстікқазақстандық делегация ЭКСПО-2017 көрмесіне барды

Шетелдіктер толқыннан энергияны осындай әдіспен өндіріп алады екен. Бүгінде әлемдегі өндіріс қуатының 76 пайызын гидроэнергетика қамтамасыз етіп отыр. Күн, су және биомассаның әлеуеті адам баласына әуелден таныс. Көрмені тамашалаушылар табиғат ресурстарының қуатын сезіне алды. Мынау аэродинамикалық құбырдың ішінде жүріп үлкен жылдамдықта ұйытқып соққан желдің дүлей күшін сезінуге болады. Ол – кәдеге дұрыс жарата білгенге қосымша қуат көзі. Желдің энергиясы
солтүстік өңір үшін жақын тақырып дейді делегация мүшелері.

Әдiлбек Әубәкiров – СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысының орынбасары

– “Зенечнко и К” командиттік серіктестігінде бүгінде жел генераторлары істеп тұр. Өңірімізде осындай технологиялар көп болуы керек. Себебі, біздің облыс жел әлеуеті бойынша елде екінші орында тұр. Теріскейге жел энергиясы бағытын дамытуға қаржы құю инвесторлар үшін тиімді болмақ.

Осы күні көптеген дүлей күшті энергия көзіне айналдырудың әдісін тапқан. Олар өздерінің озық идеяларын ЭКСПО көрмесінде жұртшылық назарына ұсынуда. Солтүстікқазақстандық делегация әрбір павильонға жеке тоқталып, барлық технологиялармен танысуда. Бұл – Германияның жобалары. Немістер биомассаны пайдаланып геотермиялық қондырғылар арқылы жердің жылуын қажеттілікке жаратуды үйренген. Бұдан бөлек кәрі құрлық өкілдері су көзін де тиімді пайдалануда.

Қанат Шамсутдинов – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы:

– Немістердің ұсынып отырған қызықты жобасының бірі – гидросорғы. Ол ағысы баяу су қоймаларында жұмыс істей алады. Сол себепті, бұл қондырғыны Есіл өзеніне орнатып, жақын жердегі шаруаларға қуат өндіруге болады.

Ұлыбританияның павильонында қуат көздері жайлы әңгіме жер жүзінің пайда болуынан басталады. Бұл жерде алдымен 17 метрлік панорама көзге түседі. Онда күн мен түн, табиғи құбылыстарды алма-кезек алмасуын бір сәтте тамашалауға болады. Ал, ортада 200 поликарбонатты пластинадан құралған киіз тұр. Оған қолды тигізген кезде сәулелі және дыбысты эффектілер пайда болады. Павильонда графенге арналған орын да бар.

Стивен Джуит-Флит – Ұлыбритания павильоны директорының орынбасары:

– Болашаққа қосқан үлесіміз – графен материалын зерттеу. Ол – бір атомдағы графиттің қабаты. Графен – электрөткізгіш қабілеті жоғары материал. Оны көп жерде суды тұщылау технологиясында қолданып жатыр. Біз көрмеде графенді шамдарды жайғастырдық. Олардың бір ерекшелігі 8 Вт қуатты тұтынып, 80 Вт жарық шығарады. Әлі ешкім жылу өндіретін шамды ойлап таппаған. Біз соны жасап отырмыз.

Елордаға келмес бұрын теріскейлік делегация көрмеде жайғасқан барлық павильондар жайлы ақпарат жинаған. Солтүстікқазақстандықтарды
тиімділігі бар жобалар қызықтырыпты. Олардың бірін Израиль елі ұсынып отыр.

Тасмұрат Қатқадамов – СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

– Біз олардың су тазалау технологиясын қарап жүрміз. Изральдықтар ағынды суды тазалап, оны қайта пайдаланады. Бұл біз үшін тіршілік көзін үнемдеуде тиімді болмақ.

ЭКСПО көрмесіне қойылған тың технологиялар біздің өңірде де енгізілуі қажет. Осы сапардан кейін арнайы жұмыс тобы құрылып, жоспарлы-жоба жасалынады. Кейін ол облыстың кәсіпкерлеріне көрсетілмек.

Риат Шони