Спорт

Өңірде ресейлік “Зенит” футбол академиясының жергілікті филиалы жұмыс істеуде

“Юниор” футбол мектебі – Ресейлік “Зенит” футбол академиясының жергілікті филиалы. Ол ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап жұмыс істеуде. Осы уақыт ішінде 3 жас ерекшелігіне байланысты топтар құрылған, онда 70-ке жуық ұл бала айналысуда. Бапкерлер – білікті және үлкен футболдан хабардар аяқдоп шеберлері. Сондықтан, балаларға түрлі тактикаларды түсіндіру олар үшін қиындық тудырмайды. Бұдан бөлек, жеткіншектердің болашақта спорттың бұл түрімен кәсіби түрде айналысуы үшін барлық жағдай қарастырылған. Егер баланың футболға бейімділігі байқалып, жақсы нәтиже көрсете білсе, оның шетелде жаттығуы да әбден мүмкін.

Евгений Кущ – “Юниор” футбол мектебінің жетекшісі:

– Біз өзіміздің үздіктер қатарынан көрінген тәрбиеленушілер жайлы бейнеролик дайындаймыз. Кейін, оны Ресейлік “Зенит”, “Динамо”, голландиялық “ПСВ” және испаниялық “Валенсия” футбол мектептеріне жібереміз. Егер, ол жердегі жаттықтырушылардың көңілі толса, бала оқуын сол елде жалғастыратын болады. Мәселен, Қостанай қаласындағы филиалда жаттыққан бала қазір Санкт-Петербордағы “Зенит” академиясында шынығуда.

Теріскейлік балғындар да қалысар емес. Әрбір жаттығу соңында бапкерлері гол соққан кішкентайларды медальмен марапаттайды. Жалпы, балалардың талабы зор. Болашақта “Барселона”, “Реал Мадрид”, “Манчестер Юнайтед” сынды барша әлемге танымал футбол клубтарында ойнаймыз деп отыр.

Амир Байтебенов:

– Менің футболмен шұғылданып жүргенімебір ай болды. Осы уақыт ішінде бізге доп тебуді үйретті.

Ануар Адильшин:

– Менің сүйікті футболшым – Ибрагимович. Ол “Манчестер Юнайтедте ойнады. Болашақта мен Ибрагимович сияқты болғым келеді.

Ханбол Біржан:

– Менің сүйікті футболшым – Криштиано Роналдо. Мен де ол сияқты “Реал Мадридте ойнағым келеді. Болашақта елімнің намысын қорғайтын боламын.

Үлкендердің жаттығуы аяқталғаннан кейін, алаңға ең кішкентай спортшылар жиылуда. Аяқтарына кеше ғана нық тұрған балалар бүгін допты қуалап жүгіруде. Бұл балғындардың жасы енді ғана 3-тен асқан. Бапкерлер жас спортшыларды жылдамдық пен ойын барысында дұрыс дем алуға түрлі қызықты ойындар арқылы үйретеді екен.

3,5 жасар Макар мен Захардың футболмен шұғылданып жүргендеріне жарты жылдай уақыт болыпты. Спорттың бұл түрі егіздерге қатты ұнайды екен.

Сергей Бегоненко:

 


–  Жұбайым екеуіміз балаларымызды бұрыннан спортқа бермек болдық. Алдымен хоккейге апарып едік, ол жерге балаларды 5 жасынан алады екен. Кейін, осы футбол мектебі жайлы естідік, ашылған сәттен бері келіп жүрміз. Ұлдарыма барлығы ұнайды. Жаттығуға бара жатқанда жол бойы қанша гол соғатындарын айтып келеді. Болашақта кәсіби спортшы болса дейміз.

“Юниор” футбол мектебінің ең кіші тәрбиеленушілерінің өнерін “Қарасай” стадионында тамыздың 19-ы тамашалауға болады. Олар “Қызылжар-СҚ” мен “Мақтаарал” құрамаларының арасындағы жарыстың үзілісінде футбол ойнамақ.

Эльмира Сәдуақасова