МТРА жаңалықтары

СҚО-ға мүгедектерге қажет құралдар алу үшін 610 миллион теңге бөлінді

Оларға арналған мүгедек арбалары мен есту құрылғыларын алуға мемлекеттен арнайы квота бөлінеді. Биыл мұндай құрал-жабдықтар алу үшін біздің өңірге ел қазынасынан 610 миллион теңге бөлініпті.

Гүлмира Мәулетбаева, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Бүгіннің өзінде 3,5 мың мүгедек қажетті құралдармен жабдықталды. 4 мың адам көмекші құрылғылармен қамтылды. Жыл соңына дейін тағы 1,5 мың жерлесіміз сұратқан қажет заттарына қол жеткізеді. Сондай-ақ, олардың жеке гигиенасына арналып бөлінетін заттардың да саны арттырылды.

Биылдан мүгедек жандарға сурдо-тефлотехникалық құралдардан бөлек ұялы телефондар мен ноутбуктер де бөлінетін болған. Ендігі мұндай 30 телефон мен 20 компьютерге жерлестеріміз қол жеткізіп үлгеріпті. Тек бұл ғана емес, мүмкіндігі шектеулі жандар тиісті уақыт өткесін ескі құралдарын соңғы шығарылғанына ауыстырып ала алады. Петропавлдағы протез-ортопедия зауыты қазір еліміздің 4 өңірін тиісті құралдармен қамтып отыр.

Роман Емелин, “Республикалық протез-ортопедия орталығы” АҚ Петропавл филиалының бас инженері:

– Соңғы уақытта біздің орталық қызметкерлері заманауи технологияларды жасап шығаруды меңгеріп жатыр. Біліктіліктерін арттыруға шетелге жиі шығады. Жамбас пен тізе протездерін жасап шығармақпыз. Жабдықтарды оңай басқару мен ыңғайлы болуына назар аударамыз.

Солтүстік Қазақстандық кембағал жандар жыл сайын шипажайларда тегін демалады. Биыл бұл үшін 600 жолдама беріледі.

Акбопе Танирберген