Мәдениет

Петропавлда Шал ақын ауданының мәдениет күндері өтуде

Алтынай Қасқарбаева – Шал ақын аудандық музейінің директоры:

– Ауданымызда өнерлі адамдар көп. Солардың бірқатары осы жиынға қатысып отыр. Жиналғандарды 3 әулетпен таныстыратын боламыз. Жанұялардың барлығы көпке үлгі бола алады.

Сақтановтар әулеті бүкіл ауданға танымал. Өйткені, жанұяның алпыстағы ақсақалы мен алтыдағы баласына дейін өнерге жақын. Мәселен, Ғалым ағамыздың әдебиетке әуестігі бар. Азамат Алашқа әйгілі Шал ақынның бірсыпыра өлеңін жатқа біледі. Жүрекке жетер туындыларды осындай кездесулерде оқиды.

Алтыдағы Ерасыл да өте зерек. Балғын жеті атасының есімдерін жаттап алыпты.

Бұл отбасы мал шаруашылығымен айналысады. Жылқы ұстап, бие сауады. Үйдің отанасы Тана Сақтанова залға жиналғандарға қымыздан ауыз тигізді. Құрт пен бауырсақ үлестірді. Нәзік жанды қазақтың ұлттық сусынын дайындауды 10 жыл бұрын үйреніпті.

Тана Сақтанова – Сергеевка қаласының тұрғыны, Шал ақын ауданы:

– Қымыз дайындағанда ұқыпты болуы керек. Қор жинау міндетті. Күбідегі саумалды пісеміз.

Тағы, кездесуде Андреевтар мен Қажамбетовтар әулеттеріне де сөз берілді. Алғашқы отбасы 6 бала тәрбиелеп отыр. Ұл-қыздардың 4-уін үй иелері биыл асырап алыпты. Қолөнермен де айналысады. Ал, келесі жанұя мүшелері өнерге жақын. Олар жиын соңында домбырада ойнап, ән-жырдан шашу шашты.

Култанов Байболат