Ауыл шаруашылығы

2013 жылдан СҚО-да 846 ауыл шаруашылығы маманы “Қызылжар” орталығында біліктілігін арттырды

Жанат Құсайынов – “Токо про” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Курста өз ісімге қажетті ақпарат алып жатырмын. Білікті мамандардың дәрісі ғаламтордағы мағлұматтан бағалы деп есептеймін. Бұл жерде барлығын тәптіштеп түсіндіріп береді. Биыл гидропоника әдісімен қызанақ, қияр өсірмекшіміз. Қазіргі таңда 500 шаршы метрлік жабық, жылы ғимаратты жалға алдым. 2 адамды жұмысқа қабылдап, өсімдікті күзде өсіруді қолға аламын.

Соңғы екі жылда “Қызылжар” білім тарату орталығы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының желісі бойынша қаржыландырылып келеді. Ауыл шаруашылығы мамандары курстардан тегін өтіп, тамақ және жатын орындармен қамтамасыз етіледі.

Аймағамбет Барлұбаев – Агроөнеркәсіп саласындағы “Қызылжар” білім тарату орталығының жетекшісі:

– Биыл 17 агроном қайта даярлау курсынан өтті. Мамандарға білікті оқытушылар дәріс оқиды. Орталықта 3 доктор, 25 ғылым кандидаты, 10 шақты магистр жұмыс істейді. Білім деңгейлері жоғары. Олардың тәжірибесі ауылдағы мамандарға қажет.

Аймағамбет Барлұбаевтың айтуынша, өңірімізде аграрлық секторда
кадрлар тапшы. Бүгінде осы салаға жастарды көптеп тарту ісі ақсап тұр дейді ол.

Аймағамбет Барлұбаев – Агроөнеркәсіп саласындағы “Қызылжар”білім тарату орталығының жетекшісі:

– Қазіргі таңда малды ұрықтандыру жөнінде көп маман біле бермейді. Оларға 3 күндік курстар ұйымдастырамыз. Зоотехник, инженер мамандарына малды бағалау бойынша 40 сағаттық курс өткіземіз. Курстарда малдың жаңадан пайда болып жатқан ауру түрлері жайлы кең мағлұмат береміз.

Орталықта тыңдаушылар дәріс тыңдап қана қоймай, тәжірибе станцияларына, мал шаруашылықтарына барып барлық үрдіспен танысып тұрады.

Берік Қасен