Білім

Үздік колледж-2017

Жеңіс Әбілмәжін, Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжінің директоры:

– Биыл бізді Білім министрлігі Қазақстанның үздік колледждерінің рейтингін шығаратын сынға қатысуға шақырды. Жақында ғаламторда оқу орнымыздың үшінші орын алғаны жарияланды. Бұл жерде сапаға баса назар аударылады: Жоғары категориялы магистр, бакалавр мамандары болуы керек. Студенттердің республикалық, халықаралық байқауларға қатысып жүлделі болғанын растайтын сертификаттар да көрсетілді. Бізде 26 жоғары категориялы, 12 бірінші категориялы, 10 бакалавр мен 6 магистр оқытушымыз бар. Республикада, халықаралық додаларда топ жарған шәкірттеріміз де мол.

Халықаралық жоба жүлдегері дегенде ойға бірден Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжінің студенті Евгений Смирнов оралады. “Құрғақ құрылыс және сылақ жұмысының” нағыз маманы студенттер арасындағы әлемдік “Уолдскилс” жобасында қатарынан үш жыл үздік үштікке енген. Қазір ұстазы Иван Слипецкиймен бұл байқаудың қазан айында Әбу-Дәбиде өтетін кезеңіне дайындық жасап жатыр.

Колледждің республикалық байқауларда топ жарып жүрген студенттері тіпті көп. Әйгерім Ғаббасова – “2014 жылдың үздік оқытушысы” танылған Гауһар Мусинаның шәкірті. Колледжің үздік атануына студент өзіндік қосқан үлесім бар едіп отыр.

Айгерім Ғаббасова, Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжінің студенті:

– Мен Ақтөбедегі республикалық байқаудан бірінші орын алдым. Бұл колледжіме сыйлығым.

Колледжде студенттерге арналған жатақхана, спорт зал мен асхана бар. Мұнда қазір 725 студент білім алады. Жаңа оқу маусымында тағы 300 ұл-қыз қабылданғалы отыр.
Білім ордасында батылы барып техникалық мамандықтарға түсетін қыздар көп. Қаламыздағы “Севказэнерго” АҚ-ның жұмыскерлерінің 60 пайызы осы оқу орнының түлектері екен.

Галина Жукова, Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжінің студенті:

– Электрмен қамту бөлімінде оқимын. Қыздарға еш қиын емес. Ертең мамандығымды жалғасытыра бермекпін.

Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжінде студент барлық категориялы жүргізуші куәлігін де алып шыға алады. Мұндай мүмкіндік автомеханиктерде бар. Максим Яворович арнаулы автомобиль тарнспорты пәнінен сабақ береді. Ол – білім ордасында ең алғаш “Үздік педагог” атағын алған ұстаз. Жалпы бұл мекеме – Қазақстандағы ең көп үздік педагогы бар жалғыз колледж.

Максим Яварович, Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжінің оқытушысы:

– Осы жерде жұмыс істегеніме 10 жыл толғанда Ы.Алтынсарин төсбелгісін алдым. Бұл жас маман тәрбиелеуге және білім саласын дамытуға қосқан үлесім үшін берілді. Кейін 2013 жылы “Үздік педагог” атандым. 15 жылдық еңбегімнің еленгені ғой бұл.

Мұнша жетістікке ие колледж үздік атануға лайық, дейді, білім ошағының директоры. Биыл Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжі өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр. Бұл уақыт ішінде мекемеден 17 мың түлек қанат қаққан.

Акбопе Танирберген