“Нұр Отан” партиясы СҚОФ саяси кеңес бюросының отырысы өтті

Аптадағы маңызды жаңалықтар

13:49 8 Тамыз 2017

Ғафура Бөстекова – “Нұр Отан” партиясы сайлауалды бағдарламасының “Білім” бағыты бойынша комиссия төрайымы, облыстық мәслихат депутаты:

– Сапалы қызмет алу үшін балалар аз уақытқа ғана келетін шағын-орталықтардың санын қысқарту керек. Тағы жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының желісі баяу дамуда. Бүгінде олардың саны 19 ғана. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасын арттыру бойынша жұмыстарды жергілікті атқарушы органдар сылбыр жүргізуде. Тағы педагогтар тапшы. Қазіргі таңда облыста 253 педагог қызметкерге бос жұмыс орны бар.

Әсіресе, математика пәнінің мұғалімдері тапшы – облыс бойынша 47 орын бос тұр. Бұған бірден-бір себеп – ауылдағы меткептерде оқушылардың аз болуында.

Құмар Ақсақалов – “Нұр Отан” партиясы СҚОФ төрағасы, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ол мектептерде 6-7 бала болса да оқушы бар. Біз соларды тиісті сапалы біліммен қамтуымыз керек. Бірақ, бұл мәселе қалай шешілуде? Осыны саралау қажет.

Мамандарды елді мекендерге тарту үшін “Дипломмен ауылға” бағдарламасы жұмыс істейді. Былтыр бұл жобаның аясында аясында 360 жас педагог жұмысқа тұрған. Ал биыл өңір мектептеріне 510 маман келеді деп жоспарлануда. Бұл жайында облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова баян етті. Оның айтуынша педагогтар тапшылығы біріншіден жергілікті колледждер мен университеттерден шығатын түлектердің аздығына байланысты. Кей мамандықтарға тек 5-6 ғана адам оқып жатады.

Бұл мәселелерді Құмар Ақсақалов жаңа оқу жылы басталғанға дейін біржақты етуді тапсырды.
Бұдан кейін партиялық жобалардың Мамлют ауданында қалай атқарылып жатқандығы сөз етілді. Қазіргі таңда “Ардагерлерді ардақтайық”, “Ұлы дала қазынасы” сынды бағдарламалары қарқынды жүзеге асырылуда. Алғашқы аталған жоба бойынша жыл басынан бері 25 іс-шара өткізілген. Тағы “Кедергісіз келешек” жобасы бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру бағытына ерекше көңіл бөлінуде.

Ерболат Бекшенов – “Нұр Отан” партиясы Мамлют аудандық филиалының төрағасы, Мамлют ауданының әкімі:

– Жыл басынан бері 11 адам екі қолға бір күрек тапты. 6 мүгедек жан тұрақты жұмысқа тұрды. Арнайы жұмысшылар мүмкіндігі шектеулі 53 адамға қызмет көрсетеді. Партияның аудандық филиалы жанындағы қоғамдық кеңес тарапынан ғимараттарға қиындықсыз кіру жағы қадағаланады. Паспортталған 107 нысанның 47-сінде кемтар жандарға арналып тиісті жағдайлар жасалынған. Тек 9-на кіру мүмкін емес. Бұл мәселелер бір айдың ішінде толық шешіледі.

“Нұр Отан” партиясының облыстық филиалының төрағасы Құмар Ақсақалов істерді атқарып қана қоймай оның бір нәтижесі болу керектігін қадап айтты. Шаралар халыққа пайдасын тигізу қажеттігін де тілге тиек етті.

Құмар Ақсақалов – “Нұр Отан” партиясы СҚОФ төрағасы, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жасалынған істердің нәтижесінде халықтың тұрмысы жақсара түсу керек. Ауқымда шаралар өткізесіздер, бірақ ұйымдастырушылар оның мақсатын да білмейді. Оның мақсаты біреу ғана – ол тұрғындардың өмір сүрі сапасын арттыру. Біздің осындай отырыстарымыздың қорытындысы болмаса, босқа уақыт құрттық деген сөз. Сол себепті, халыққа жұмыс жасаңыздар.

Бұдан соң Қызылжар ауданында да атқарылып жатқан жұмыс барысы тыңдалды. Аталған аумақтағы партиялық бағдарламалардың жүзеге асырылуы туралы қаулы бірауыздан қолдау тапты.Кейін мінберге “Нұр Отан” партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов шығып, 8 бағытта бекітілген партиялық комиссия төрағаларының қандай іс атқарып жатқандығын баяндады. Олардың кейбірі жасалынған ұсыныстарды толығымен орындамайды екен. Мәселен, “Индустриалды даму” комиссиясының төрағасы Қуаныш Бишімов жыл басынан 4 отырыс өткізген. Онда 5 ұсыныс жасалынса, оның тек үшеуі ғана жүзеге асқан.

Артур Молдағұлов – “Нұр Отан” партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

– Осыған байланысты жұмысын дұрыс атқармайтын комиссия төрағаларына партиялық өндіру жазасын тағайындауды ұсынамын. Олардың жұмысы әлеуметтік желілерде де жөнді жарияланбайды. Бұған қоса халықпен тақырыптық кездесулер де өткізілмейді. Жетекшілер көбіне комиссия отырысына да қатыспайды, бұған партияның орталық аппараты шағым жасады.

Бұл ұсынысты саяси бюро мүшелері бірауыздан қолдады. Құмар Ақсақалов “Нұр Отан” партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұловқа бұндай депутаттардың комиссия төрағасы қызметіне лайықты ма екендігін аладағы уақытта қайта қарастыруды тапсырды.

Құмар Ақсақалов – “Нұр Отан” партиясы СҚОФ төрағасы, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Кейбірі жұмыс істейді, ал кейбірі депутаттық куәлігін алып босқа сенделіп жүр. Тек мерекелік жиындарға ғана қатысып жатады. Бұлай жасауға болмайды. Халық қалаулысы атандыңыздар ма, халыққа жұмыс жасаңыздар. Депутат болғыларыңыз келмейді ме, өз қалауыңызбен шығып кетуге болады. Ал, көбі жай жүр. Біреудің орнында босқа отыр. Бұны тағы бір мәрте жақсылап қарау қажет.

Жалпы саяси бюро кеңесінің отырысында 6 сұрақтың тек үшеуі ғана қаралды. Қалғаны уақыттың тапшылығына байланысты келесі жиынға қалдырылды.

Риат Шони