МТРА жаңалықтары

Әділет департаменті көрсететін мемлекеттік қызмет түрлері оңтайландырылды

Олеся Осадчая, СҚО әділет департаменті азаматтық хал актілерін тіркеуді және апостильдеуді қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің басшысы:

– Қанат қақты жоба мемлекеттік қызмет көрсету уақытын қысқарту мақсатында қолға алынды. Осылайша, азаматтық хал актілерінің кей түрлерін тіркеудің мерзімін азайтып отырмыз. Туу, ажырасу мен адамның қайтыс болуы жағдайлары 3 сағат ішінде тіркеліп, барлық базаларға енгізіледі. Куәлік те қолма-қол беріледі. Бұл үшін ақша алынбайды.

Бұрын азаматтар некеге отыру үшін ұзын-сонар кезек құратын. Қазір өтініш электронды түрде қабылданып, барлығы жылдам жүзеге асады.Биыл жыл басынан бері Солтүстік Қазақстанда 7 мың бала туылып, шамамен сонша адам өмірден өткен.

Ал, бұл жартыжылдықта 2500 шаңырақ құрылса, 1600 жұп ажырасуға өтініш берген. Мұндай азаматтық хал әктілері қазір жылдам тіркелетін болды. Ал, ажырасып алып, баласына бес-он тиын алиментін төлей алмай жүргендерге де әділет департаменті көмек қолын созып отыр.

Лариса Кудрицкая, СҚО әділет департаменті атқару өндірісін есепке алу және бақылау бөлімінің басшысы:

– Борышкердің жағдайын жақсарту мақсатында қабылданған жаңашылдықтарымыз да бар. Алиментті өндіріп алу үшін Әділет министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арасында жарлық қабылданды. 3 айдан артық қарызын төлей алмай жүрген азаматтарды халықты жұмыспен қамту орталығына бағыттап, жұмысқа орналастырамыз. Бұған келіспесе жазаға тартылады.

Бұл жобаның нәтижесінде 2 айдың ішінде 290 теріскейлік жұмысқа орналастырылып, 61 миллион теңге алимент өндіріліп алынған.

 

Акбопе Танирберген