Спорт

“Қызыл-Жар СҚ” қарағандылық “Шахтёр-Болат” құрамасын тізе бүктірді

Виктор Гунченко мен Михайл Аубакиров сынды футболшыларымыз қарсыластар алаңына жиі еніп, қонақ қорғаушыларды әбігерге салды. Көп кешікпей теріскейліктердің шабуылы өз нәтижесін берді. 5-ші минутта Карам Сұлтанов бұрыштамадан асырылған допты қарағандылықтардың қақпасына тура бағыттап, есеп ашты.

Қонақтар бірден ес жиды. Қарағандылық жігіттер алаңға үйреніскен болулары керек жиі шабуылға көшті. Тіпті, қауіпті сәттер тудырып, таразы басын теңестірудің амалдарын іздеді. Дегенмен, алғашқы таймда Роман Багаутдинов қақпасын аман сақтап қалды. Осылайша алғашқы 45 минуттық 1-де 0 есебімен жерлестеріміздің пайдасына шешілді.
Келесі таймды жергілікті жігітер тағы да белсенді бастады. “Шахтер-Болат” құрамасының футболшылары солтүстікқазақстандықтардың қарқынына шыдамады. Олар 48-минутта екінші голды жіберіп алды. Бұл жолы шабуылшымыз Божко Ступич бірінші лигадағы 10-шы добын соғып, мергендер көшін жеке дара бастады. Сонымен, таблодағы есеп 2-де 0-ге жетті. Қалған ойын бөлігінде ауыз толтырып айтарлық оқиға орын алмады. Осылайша матч аяқталды.

Мамуту Кулибали – “Қызыл-Жар СҚ” ФК қорғаушысы:

 

– Қарсыластар сапында жас ойыншылар көп. Сол себепті, олар жылдам. Бірнеше мәрте біздің алаңға еніп, қауыпті шабуылдар ұйымдастарды. Бағымызға орай гол жібермедік. Сауатты ойнадық. Нәтижесінде жеңіске жетіп отырмыз. Бізге қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғысымыз шексіз.

Айта кетейік, қазір “Қызыл-Жар СҚ” ФК чемпионаттың 3-ші сатысында тұр. Жерлестеріміздің еншісінде – 26 ұпай. Алда талдықорғандық “Жетісу” мен оңтүстікастаналық “Қайрат А” командалары келеді. Теріскейліктер келесі кездесуін 12-ші тамыз күні “Қарасай” стадионында өткізеді. Бұл жолы қонаққа шымкенттің “Қыран” құрамасы келмек.

Култанов Байболат