МТРА жаңалықтары

“Петропавл-Есілкөл” бағытында тағы бір электропоезд қатынайтын болды

 

Анар Нұрхайдарова:

– Өте ыңғайлы. Бағасы да арзан – 800 тг. Қазір 9-да отырып кешке 11-де туыстырыма жетемін. Ол жақтан қызымды алып, таңғы 4-те қайта отырамын. Таңертең Петропавлдағы жұмысыма да үлгеремін.

Енді Петропавлдан Есілкөл бағытына екі электропоезд жүріп тұрмақ. Біріншісі таңғы 8:55-те шықса, келесісі осы, 21-36-да қозғалады. Межелі жерге 2 сағатта жетеді. Электропоезд 360 адамға шақталған. Айтайын, бұл екі аралықта айына 17 мың адам қатынайды екен.

– Жаңа электропоезды іске қосқандары жақсы болды. Бұрын біреу ғана болатын. Қазір кешке де жүреді. Автобуспен бару ыңғайсыз, такси қымбат.

– Өте ыңғайлы, таңғысына үлгермей жатсақ, кешке мінеміз. Жұмыстан кейін де жолға шығып кетуге болады.

Петропавл-Есілкөл бағытында бұрын да екі электропоезд қатынайтын. Бірақ, ресейлік “Оңтүстік Орал темір жолы” ААҚ-нда қайта ұйымдастыру жүргізіліп, жаңа жылдан бастап бұл көліктің қатынауы тоқтап қалған. Осы себепті, солтүстікқазақстандықтар жарты жылға жуық өзге көлік түрлерімен қатынапты. Бұл айтарлықтай қиындық туғызған. Қыста қар жауып, боран соққанда автобустар тұралап қалады екен. Бұл мәселе республикалық дәрежеде қаралып, шешімін тапты. Қазір электропоездарды “Қазақстан темір жол” АҚ жалға алып, қайта іске қосқан.

Мирхат Әбілмәжінов – СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

– Қызылжар, Аққайың, Мағжан Жұмабаев аудандарының тұрғындарының сұрауы бойынша 10-шы шілдеден екінші электропоезд іске қосылды. Есілкөлден таңға жақын шығады. Бұл облыс орталығына ерте жетуге мүмкіндік туғызып отыр. Вагондар 70-80 пайызға толады.

Оқу маусымы басталғанда жолаушылар саны бұдан да арта түспек. Биыл Есілкөл, Петухово бағыттарына жүретін электропоездардың күтіміне облыстық бюджеттен 280 миллион теңге бағытталған.

 

Акбопе Танирберген