Әр түрлі

Әдеп жөніндегі уәкілдердің облыстық семинары өтті

Олар қызметкерлердің құқықтарын қорғап, заңның бұзылмауын қадағалайды. Мұның бәрі кәсіби мемлекеттік аппаратты құруға бағытталып отыр. Семинар барысында аудандардан жиналған әдеп жөнiндегi уәкiлдерге өз міндеттері түсіндірілді.

Дулат Тайшабай – Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі:

– Әдеп жөнiндегi уәкiлдiң функциялары ұжымда қадiрлi және құрметке ие болған мемлекеттiк қызметшiге жүктеледi. Олар мемлекеттiк қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл саласындағы заңнаманың және Әдеп кодексiнiң талаптарын сақтау сұрақтары бойынша консультациялық көмек көрсетедi. Тұрғындардың мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысты өтiнiш, шағымдарын қарайды. Мемлекеттiк қызметшiлердiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғайды.

Семинарда жарты жылдың жұмысы қорытындыланды. Өңірдегі мемлекеттiк қызметшiлер әлі де болса заңдарда белгiленген шектеулер мен тыйымдарды сақтамайды екен.

Жанат Жұмабаев – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы:

– Жарты жылдықта әдеп жөніндегі кеңесте 506 сұрақ қаралды. Нәтижесінде кеңес мүшелері 11 лауазымды тұлғаны қызметіне толық сай емес деп таныды. Бір шенеуніктің қызметтік лауазымы төмендетілді. Біреуі жұмыстан шығарылды.

Бұдан өзге Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті бірқатар мекемелерге тексеру жүргізген. Нәтижесінде 169 заңбұзушылық тіркелді. Көбінде мамандар тұрғындардың құжаттарын кестеден кешіктіріп қараған.
Жиналыста әдеп жөніндегі уәкілдерге тапсырмалар жүктелді. Олар ең алдымен мамандардың құқықтық сауаттылығын арттыруға басымдық беруі керек. Себебі, олқылықтың бәрі заңды шала білгендіктен жиі орын алып жататын көрінеді.

Берік Қасен