Қоғам

Пара алған “ҚазАвтоЖол ҰК” АҚ СҚОФ экс-директоры Асқар Жанкинге қатысты сот отырысы басталды

Рауан Бостанов – прокурор:

– Пара алу арқылы Жанкин орындалмаған жұмыстарды жасырып қалған. Яғни, мердігер компания Қызылжар ауданындағы 948-ші шақырымда орналасқан «У Ксюши» дәмханасының маңында байқау эстакадасын және демалыс күркесін орнатулары тиіс еді. Бұдан бөлек, «Лана» дәмханасынан «Оңтүстік» бақылау бекетіне дейінгі жолда қоршау тұрғызылу керек болатын. Бірақ, бұл жұмыстар да атқарылмаған. Мұны кезекті тексеру барысында Асқар Жанкин біліп қалған. Сәйкесінше, жауапты азаматтарға хабарласып, қателіктерін айтқан. Істің соңы парамен аяқталды.

Заңбұзушы өз кінәсін толығымен мойындап отыр. Сол себепті, қылмыскердің адвокаты істі қысқартылған тәртіппен қарауды ұсынды. Судья қорғаушы Дәулет Өміралиннің өтінішін қабыл алды. Осылайша, сот залында куәгерлерден жауап алынбайтын болды. Тек Асқар Жанкин ақпанның 23-і күні орын алған қылмыстық фактінің қалай болғанын толығымен баяндап берді. Бұдан соң заңбұзушының адвокаты судьяға тағы да өз өтінішін білдірді.

Дәулет Өміралин – Асқар Жанкиннің адвокаты:

– Құрметті судья, менің қорғалушым өз кінәсін толығымен мойындап отыр. Осы ретте қорғаушы жақ Асқар Жанкинге жазаны айыппұл ретінде берсе дейді. Оның сомасы алған параның мөлшерінен 60 есе көп, яғни 120 млн теңге. Үкім шыққан соң, оны өтеу үшін Бекбергенова Райханның депозит шотынан 40 млн теңге беріледі. Бұдан бөлек, Жанкиннің туыстары үкім заңды күшіне енгенше дейін, яғни 12 күн ішінде тағы 80 млн теңгені төлеуге дайын. Мұны мына арнайы әзірленген құжаттардан байқауға болады.

Асқар Жанкинге судья қандай шешім шығаратыны әлі белгісіз. Себебі, келесі сот отырысы тамыз айының 10-на белгіленді. Еске сала кетейін, бұл іске қатысы бар деген тағы екі азамат Рамазанов пен делдалдың рөлін атқарған Луценкоға да қылмыстық іс қозғалып отыр.

 

Айгерим Ержанова