Әр түрлі

Бүгін “EXPO-2017” көрмесінің 56-шы жұмыс күні

“Нұр Әлем” сферасы – көрменің жүрегі. Қазақстанның ұлттық павильоны – ауқымды ғана емес, келушілердің саны бойынша көш бастап тұрған нысан. Сегіз қабаттың әрбірі инновациялық технологияларға толы. Олар – табиғи ресурстарды қорғау мен арттыруға бағытталған отандық ғылыми табыстар. Ал, ең бастысы аталмыш жобалар адам өмірін әлдеқайда жеңілдетуге септеспек.

Данил Пархоменко, Петропавл қаласының тұрғыны:

– Ол жерде телефонды қуаттауға болатын тақташалар болды. Сондай-ақ, вай-фай тарататын гүлдерді көрдім. Бұдан басқа, су жаңа көліктерге көзім түсті. Оларды басқаратын рөл жоқ, барлығы сенсорлы. Ал, жылдамдығы болса, сағатына 300 шақырымға дейін жетеді.

Ресей, Жапония, АҚШ, Корея, Африка, Франция, Италия. Қазақстан жүзеге асырған халықаралық жобаға қатысу мүмкіндігіне әлемнің жүздеген мемлекеті ие болды.

Зарема Гумарова, Петропавл қаласының тұрғыны:

– Елордамызда, біздің туған жерімізде осындай шараның өтіп жатқаны мақтан тұтарлық жайт. Бұндай жобалар біздің ой-өрісімізді кеңейтіп қана қоймай, өскелең ұрпақтың болашақта мамандық таңдауға септесетініне сенімдімін. Менің қызым мен жиенім жақын арада көрмеге аттанбақ. Ал, біз отбасымызбен қыркүйектің алғашқы онкүндігінде барамыз.

ЭКСПО қонақтарын үлкен ойын-сауық бағдарламасы күтуде. Әрбір мемлекет түрлі костюмдердегі шоу, концерт, көрме мен ұлттық тағамдарын ұсыну арқылы өздерінің мәдени мұрасын көрсетіп, салт-дәстүрлерімен таныстырады. Дегенмен, халықаралық көрменің басты тақырыбы – “Болашақ энергиясы” болып табылады. Жел, күн, жер, су, өсімдік пен қозғалыс. Аталғандардың барлығы қуатты өндірудің көзі болып табылады. Бұған ЭКСПО-ға келушілер де көздерін жеткізе алады.

Наиль Салимов, Петропавл қаласының тұрғыны:

– Павильондардың бірінде велосипедті тізгіндеп, қанша қуат өндіргеніңді көруге болады. Бұл біз үшін де, жастар үшін де өте қызықты болды. Қазақстан табиғи ресурстарға бай ел, бұған қарамастан, біз пайдалы қазбаларымызды алмастыра алатын баламалы энергия көзін іздеуіміз қажет.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Бұдан бөлек, көрме қонақтары үшін музыкалық концерттер, цирк пен түрлі қойылымдар дайындалған. Әрбір күн – жаңа әрі қайталанбас тарих. Сіз де оны өз көзіңізбен көріп, шара куәгері атана аласыз. Бүгінгі күнге дейін ЭКСПО көрмесін 2 миллионға жуық адам тамашалапты. Ауқымды шара қыркүйектің 10-ына дейін жалғасын таппақ.

 

Эльмира Садвокасова