ТЖ

Жыл басынан бері өңірдің су тоғандарында 22 адам қаза тапты

Бұл жерде жүздеген адам демалып жатыр. Олар күнге күйіп, Есілдің суына шомылуда. Жерлестеріміздің арасында балалардың қатары басым. Балғындар ағыны қатты өзеннің бір жағынан келесі бетіне жүзіп жарысуда. Жасөспірімдердің біразы мұндай рұқсат етілмеген аумақтарда қауіпсіздік ережелерін сақтауды білмейді.

–  Мен Есіл өзенінің келесі жағынан бергі бетіне 14 рет жүзіп өттім. Еш қорқынышы жоқ. Тек, орта тұсында су терең. Әрі ағыс қатты.

– Өзеннің шетінде шомыламын. Кейде, достарыммен ортасына барамын. Күнде келіп суға түсеміз.

Жалпы, биыл теріскейдегі су айдындарындағы жағдай көңіл көншітпейді. Жыл басынан бері өңірде 21 тұрғын өзен-көлдерде құрбан болыпты. Олардың 4-уі – бала. Соңғы күндері тіпті, адам өлімі жиілеп кеткен. 5 тәуліктің ішінде 3 жерлесіміз жан тапсырған. Соңғы қайғылы жағдай Ғ.Мүсірепов ауданында орын алды. Көкалажар ауылы жанындағы Жоғары тоған көлінің рұқсат етілмеген жеріне шомылған 71-ші жылы туылған азамат қаза тапты.

Ерік Сарыбаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:


– Қаза тапқан адам ішімдік ішкен. Кейін, суға сүңгіп шықпаған.

Айтып ауыз жиған жоқпыз. Жиын барысында брифинг қатысушыларына Тайынша ауданынан суыт хабар келді. Бүгін күндізгі сағат 13:30-да Чермошнянка селосы жанындағы көлшікке 53 жылы азамат батып кетіпті. Марқұмның ішімдік ішкендігі белгілі болды. Тағы, журналистер жуырда ғана Есіл өзеніне сәл болмағанда бата жаздаған көлік туралы сұрастырды.

Виктор Держанский – СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағы басшысының орынбасары:


–  Бізге тамыздың 2-сі күні кешке Петропавл су торабы маңынан Есіл өзеніне түсіп кеткен көлік жайлы хабар келіп түсті. Абырой болғанда, адам өлімі орын алған жоқ. Машина ішінде бір отбасы мүшелері отырған. Бір сәтте үйдің отағасы далаға шыққан. Сол уақытта 6 мен 3 бастағы балаларының бірі темір тұлпарды оталдырған. Осыдан соң көлік алға жылжып кеткен. Олардың барлығы құтқарылды.

Тағы, облыстық ТЖД бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев ата-аналарға ерекше ескерту жасады. Өңірде көпқабаттың үйлердің терезелерінен балалардың құлау фактілері жиілеп кеткен. Үстіміздегі жылдың 2-ші тоқсанында 31 балғын биіктен құлаған. Оның 7-уі қаза тауып, 24-і жарақат алыпты.

Байболат Бектемірұлы