Спорт

“Қуаныш” ВК Ұлттық лига ойындарына дайындық үстінде

Татьяна Демьянова – “Қуаныш” ВК шабуылшысы:

– Бірнеше рет Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсеттім. Оны армандап да көрмегенмін. “Қуаныш” волейбол клубының ойыншыларымен бұрын-соңды араласпағанмын. Командаға бірінші күні келгенде қыздар бірден құшақ жая қарсы алды. Әрине, жаттығулар қиындау болып тұр. Оны түсінуге де болады. Өйткені, Ұлттық лигада осал ойыншылар жоқ.

“Қуаныш” волейбол клубының жаңадан сатып алған ойыншылары бұл ғана емес. Татьяна Демьяновадан бөлек Қостанай, Орал және Талдықорған қалаларынан бір-бір спортшыдан бар. Жалпы жерлес бұрымдылардың кезекті маусымға дайындығы шілденің 1-і күні басталған. Былтырғы маусымда әуе допты алақанында ойнатқан волейболшыларымыз жоғары лигада қарсылас шыдатпай чемпион атанған. Енді Ұлттық лигаға жолдама алып, халықаралық дәрежедегі спортшылармен бақ сынаспақ.

Азамат Есімов – “Қуаныш” ВК бас бапкері:


–  Әзірге, жаттығуларды спорт интернатта жүргізіп жатырмыз. Тамыздың 6-сы күні Қостанайға оқу-жаттығу жиындарына аттанамыз. Алда алғашқы жарыс ол ел кубогы тұр. Сол сайыста ойыншылардың әуселесін байқаймыз. Құрама не толығады немесе кей спортшылармен қош айтысамыз. Жоспар бойынша бізде Челябі қаласының “Метар” командасымен жолдастық кездесу бар. Кейін Ұлттық лига ойындары басталады. Биылғы маусымда 8 команданың ішінде 4-ші орынды иелену тапсырмасы тұр.

Айта кету қажет, Ұлттық лиганың кезекті маусымында “Қуаныш” волейбол клубы бірде-бір ойынын үйде өткізбеуі мүмкін. Себебі, талапқа сай келетін зал жоқ өңірде. Бірақ, клуб басшылығының айтуынша қалада бір ғимарат сатып алынып, ойын алаңы жасақталып жатыр. Дегенмен де бұл уақыттың еншісінде.

 

Риат Шони