ТКШ

Петропавлда тағы бір көпір уақытша жабылмақ

Бұл жұмыстар басталғанда көпір үстімен уақытша қатынау тоқтайды. Шамамен қазанның 1-не дейін. Қазір шұрық тесіктерде жабылған темір пластиналар біртендеп ажырап жатыр. Олардың қалыңдығы 20 мм. Ал жалпы көпірдің ұзындығы 345 метр. Ол төрт бөліктен тұрады.

Қайырбай Сәдуақасов – “ҚазАвтоЖол”ҰК” АҚ СҚОФ директорының орынбасары:

– Маусым айында көпірді орташа жөндеу бойынша техникалық құжаттар әзірленді. Кейін ведомстволық сараптаманың қорытындысы алынды. Енді бұл көпірде ұзындығы 500 метр болатын асфальт толық ауыстырылмақ. Тағы 21 метр болатын шұрық тесікке темір бетон орнатылады. Тротуарлар кеңейтіледі. Бұл бағытқа 125 млн теңге қаржы бағытталады.

Бұл көпір арқылы Заречный, Былғары зауыты кенттері, Мамлютка, Қостанай, Қорғанға қатынауға болады. Күніне мұның үстімен 12 мыңнан астам көлік өтеді. Енді көпір жөндеуге жабылғанда бұлардың барлығы 20-шы шағын аудандағы дамбамен қатынамақ. Сәйкесінше, автобустардың да жүру бағытына өзгерістер енгізілді.

Галина Семенова – “СҚО жолаушылар тасымалы” қауымдастығының төрайымы:

– 4 бірдей маршруттың бағыты өзгереді. №6-шы автобус Вокзалдан Интернационал көшесіне шығады. Кейін Пушкинмен Набережнаяға, одан әрі дамба арқылы Заречный кентіне, ары қарай Былғары заутына барады. Ал №2 маршруты бұрынға қалыпта көпірге дейін жүреді. Ал артқа қайтқанда №6-шы маршруттың бағытын алып барып, өз кестесіне түседі. №38 және 33-ші маршруттар вокзалдан саяжайларға қатынайды.

Көпірді орташа жөндеу кезінде жаяу жүргіншілердің өтуіне шектеу қойылмайды. Бірақ өзіндік жүру тәртібі болмақ.

 

Риат Шони