Білім

Тамызда басталған “Мектепке жол” жалпыұлттық акциясы қыркүйектің соңына дейін жалғасады

Былтыр 9 мың солтүстікқазақстандық оқушыға кеңсе заттары мен киім-кешек таратылыпты. Оған жалпы сомасы 55 млн теңге жаратылған.

Владимир Ткаченко – СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Жыл сайын акцияға барлық мекемелер, қаржы институттары, бизнес қауымдастық өкілдері, қала және аудан әкімдіктері жұмылдырылады. Әр ауданда және қалада отбасылар мен мектептерге бекітілген демеушілер бар. Шаруа қожалықтары оқушыларға 100-200 мың, банк филиалдары 400 мың теңге бөліп тұрады.

Аймағымызда 70 мыңға оқушы барлығы 509 мектепте білім алады. Жаңа оқу жылында 3 мың жеткіншек 1-сыныпқа барады. Араларында әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққандарына көмек көрсетілмек.

Владимир Ткаченко – СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Сондай-ақ, жыл сайын жалпы білім беру қорынан балалардың тамағы мен киім-кешегіне, оқу құралдарына қаражат бөлінеді. Өңірімізде аз қамтылған отбасында тәрбиеленетін 8 100-ден астам балаға мектепте ыстық тамақ тегін беріледі.

“Мектепке жол” шарасы қыркүйек айының соңына дейін жалғасады. Күздің 2-ші айына дейін акция аясында облыс, аудан орталықтарында мектеп жәрмеңкелері, қайырымдылық күндері өткізілмекші. Мектептер мен үлкен сауда үйлерінде гуманитарлық көмекті қабылдау пункттері жұмыс істейді. Оған оқу құралдары мен жаңа киім-кешектерді әкеп тапсыруға болады. Қосымша ақпаратты экранда көрсетілген ((50 34 91, 50 37- 75)) телефон нөмірлеріне хабарласып білуге болады. Акция аясында тәртіп сақшылары тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың үйлерін аралап, мектепке бармай жүрген балаларды анықтайды.

Сайран Сәркенов – СҚО ІІД ЖПҚ ювеналдық полиция аға инспекторы:

– Қыркүйектің 30-на дейін әлеуметтік себептер бойынша мектепке бармай жүрген балаларды анықтаймыз. Осы іске мемлекеттік органдар мен білім беру ұйымдары атсалысады. Былтыр рейд барысында кәмелет жасына толмаған 6 солтүстікқазақстандық анықталды. Балалардың барлығы тұрмыс жағдайы төмен отбасында тәрбиеленеді.

Бүгінде кәмелет жасына толмаған 255 солтүстікқазақстандық ішкі істер органдарында есепте тұр.

Берік Қасен