Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі құрылыс нысандарымен танысты

Бүгінде қаланың шетіндегі өтпе жолда біраз шаруа тындырылған. Құрылысшылар мұнда бетон құю жұмыстарын біржақты етуде. Көпірдің бір жолағы қыркүйек айының соңында ашылады деп жоспарланған. Айту керек, ағымдағы айдың соңында бұл жерден жаяу жүргіншілердің қатынауына да тоқтау салынбақ. Бұл ретте аймақ басшысы қозғалысты Жұмысшы кенті арқылы үздіксіз жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, мұнда Құмар Ақсақаловқа ДСР шағын ауданы арқылы кіретін жолдың жобасы да таныстырылды.
Бүгінде Жас Өркенде де жұмыс қызу. Мұнда үйлер сырылып тасталуда. Ескі баспаналардың орнын енді заманауи жаңа тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттар басады деп көзделген. Тапсырыстар жетерлік. Ал, оны уақытында орындау үшін барынша күш жұмсау керек деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов құрылысшы мердігерлерге.

Бұдан бөлек, биыл облыс орталығындағы 100 аулаға асфальт төсеу үшін қалалық бюджеттен қаражат бөлінді. Бүгінде аталған бағыттағы жұмыстар атқарылып та жатыр. Оны өңір жетекшісі байқап, сол маңдағы тұрғындармен тілдесті. Кейін демалыс және мәдениет саябағының жөндеу жұмыстарымен де танысты. Қазір мұнда ескі ағаштар кесіліп, орындықтар жайғастырылуда. Қоқыс жәшіктері де орнатылуда. Бұл ретте аймақ басшысы үлкен және сау ағаштарды кеспеуді тапсырды.

Құмар Ақсақалов, СҚО әкімі:

– Жолдарды жаюға, көгалдандыруға, жарықтандыруға қаржы бөлдік. Жұмыс жоспар юойынша жүріп жатыр. Быотырғы жылмен салыстырғанда көбірек ақша бөлінді. Бұл біздің экономикамыздың дамығанының көрсеткіші.

Айгерим Ержанова