МТРА жаңалықтары

Саудаға түскен бақша өнімдері фитосанитарлардың қатаң бақылауында

Өнімдегі нитрат мөлшерін анықтау үшін оны ұсақтап турап алу керек. Кейін арнайы сұйықтықты араластырып нәтижесін 2-3 минут күту қажет.

Міне, қорытынды да дайын. Мына 8 келі қарбыз жеуге жарамды. Өйткені, өнімдегі нитраттың мөлшері 15 мг. Бұл – қалыпты көрсеткіш.

Татьяна Горенко – «Ұлттық сараптама орталығы» СҚОФ маманы:


–  Күн сайын біз бірнеше сынама аламыз. Мәселен, бүгін біз өрік пен қарбыздағы нитраттың бар-жоғын тексердік. Екі өнімді де жеуге болады. Ондағы нитраттың мөлшері 15 мг болды. Негізі 1 кг жеміс-жидек пен көкеністе 60 мг-ға дейін нитрат болса, оны тұтынуға болады. Яғни, оның еш зияны жоқ. Ал егер бұл мөлшерден тыс асып түссе, онда адам өміріне қауіп төнуі мүмкін.

Облысымызда сатылымға шыққан көкеністер мен жеміс-жидектер фитосанитарлардың қатаң бақылауында. Апта сайын мамандарға 36 түрлі өнім туралы ақпарат келіп түседі. Әзірге тауардағы нитраттың мөлшерден тыс болғаны туралы ешбір факті анықталмаған.

Еркін Ыбраев – Петропавл қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

 

– Бұдан бөлек, біз өнімнің қауіпсіздігін анықтау мақсатында бөлшек саудадан жеміс-жидектер мен көкеністердің бірнеше түрін алып тексереміз. Бүгінде 24 сынама алынды. Оның тек біреуінде ғана нитраттың мөлшері сәл ғана асқан. Бүгінде бұл факті бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.

Еске сала кетейік, бақша дақылдары Солтүстікке көбіне Оңтүстік өңірден әкелінеді. Ал субтропикалық өнімдер біздің аймаққа шет мемлекеттерден жеткізіледі. Сондықтан, әр саудагерде бұл тауарды сатуға рұқсат беретін және оның адам өміріне еш қауіп төндірмейді деген арнайы құжаты болуы тиіс. Егер де мамандар сатушылардың саудалаған өнімдерін талапқа сай келмейді деп таныса, онда заңды бұзған бизнесмендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Айгерім Ержанова