Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қызылжар ауданының жолдарына 120 млн теңге бөлінді

Осы елді мекенде 5 көшеде жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Бас мердігер “Техстрой-Темір” серіктестігі 3 018 метр жолды тегістеп, ұсақталған таспен жабуда. Айта кетсек, бүгінге дейін шаруаның 70 пайызы тындырылған. Жалпы бұған 8 млн теңгеге жуық қаражат бөлініпті.

Мейрамбек Темірхан – “Техстрой-Темір” ЖШС директоры:

– Бұл жұмыстарға 5 техникамен, 7- 8 адам жұмылдырылған. Барлық шаруалар маусым айының ортасында басталған еді. Енді, тамыздың ортасында аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз.


Осы сынды жұмыстарды мамыр айында “Гегарт” серіктестігінің мамандары да Ольшанка-Вознесенка тас жолында жүргізген. Олар 15 жыл жөңдеу көрмеген 4,3 шақырымды қайта қалыпқа келтіріпті. Бұл үшін облыстық қазынадан 24 млн тенге жұмсалып отыр. Бұрындары қатынауға қиындық тудыратын аумақтардың жөнделгеніне жергілікті тұрғындар дән риза.

Светлана Синичкина – Вознесенка ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:


–  Көп жыл бойына біздің ауылда жол мәселесі түйткілді болған еді. Жауын-шашын жауған кезде елді мекеннен мүлдем шыға алмайтынбыз. Енді бірнеше шақырым учаске жөнделіп қалды. Бұған бәріміз өте қуаныштымыз.

Сондай-ақ, Қызылжар ауданының орталығында тозығы жеткен жолдардың беткі қабаты асфальтпен жамалып жатыр.

Елдар Закирин – Қызылжар ауданы ТКШ, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнің сектор жетекшісі:


– Биыл ауданда 12 бағыт бойынша жол жөнделуде. Оның ішіндегі ең ауқымдысы 8 шақырымға жалғасқан Метлишино-Новоникольское-Большая Малышка-Соколовка тас жолдары. Бұған өңірлік қазынадан 45 млн теңге бөлінді.

Айта кеткен жөн, ағымдағы жылы Қызылжар ауданындағы жолдарды жөндеу үшін облыстық бюджеттен 120 млн тенге бөлінген.

Тогжан Акмагамбетова