Спорт

«Құлагер» ХК ел чемпионатының жаңа маусымына дайындықтарын пысықтауда

Виталий Диденко, «Құлагер» ХК жалпы физикалық дайындық бойынша бапкері:

– Бұл құрагерліктердің мұз айдынындағы жаттығуларының бесінші күні. Осы апта команда ойыншылары үшін күрделі болып отыр. Залдағы және айдындағы дайындықтарын арттырдық. Бұған қарамастан, олар алдарына жан салмай жаттығуда.

Айта кету керек, ел бірінішілігінің өткен маусымында теріскейлік тарландар тартымды ойын көрсете білді. Дегенмен, турнир кестесінде 94 ұпаймен тек 5 орында тұрақтады. Бұл нәтиже, әрине, бапкерлерді де, ойыншыларды да, жанкүйерлерді де қанағаттандырмады. Команданың мүмкіндіктері орасан, сондықтан алдағы маусымнан үміт зор.

Ильгиз Нуриев, «Құлагер» ХК капитаны:

– Өткен маусымда басты мақсатқа қол жеткізе алмадық. Қазақстан кубогын жеңгенімізбен, келесі кезеңге өту мүмкіндігіне ие болмадық. Сондықтан, қателіктерімізді сарапқа салып, қарқынды дайындығымызды бастап кеттік. Биылғы жылы жақсы нәтиже көрсетеміз деген ойдамын.

Қазіргі таңда клуб құрамында 31 хоккейші ойнайды. Олардың 14-і құрама намысын өткен маусымда қорғағандар, қалғандары жаңа ойыншылар. Жаттығуларда көрсетіліп жатқан нәтижелер жаман емес. Маусым алдында құлагерліктерді бірнеше жолдастық кездесу күтіп тұр. Ел бірінішілігінің де ауылы алыс емес, қыркүйек айына жоспарланған. Жаңа маусымда жергілікті командаға сәттілік тілейміз.

Саят Ермек.