МТРА жаңалықтары

СҚО соты жартыжылдықты қорытындылады

Жыл басталғалы 6 айдың ішінде облыстық сотта 6500 әкімшілік, одан екі есе көп азаматтық іс қаралып, шешімін тапқан. Судьялар кез келген шиеленісті екі жақты бітістірумен аяқтауға көп күш салады.

Бақыт Қасейінов, облыстық соттың сот алқаларының төрағасы:

– Бұл 6 айдың ішінде 1300 іс екі жақтың ымыраға келуімен аяқталды. Оның ішіндегі апеляциялық 15 іс медиациялық соттың көмегімен шешілді. Ал, соттасушыларды табыстыру нәтижесінде бюджетке 190 млн теңге мемлекеттік баж қайтарылып отыр.

Іле-шала қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы есеп берді. Владимир Кириленко мәлім еткен сатитистика да көз қуантады. Өңірде қылмыстық істер азайған. Бірақ, бас бостандығынан айырылу үкімі кесілгендер көп. Себебі, шамалы заң бұзушының жартысынан көбі – ауыр қылмысқа барғандар. Биыл айыпқа тартылған 722 жерлесіміздің 192-сі абақтыға жабылған.

Владимир Кириленко – СҚО сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы:

– Біз тіркелген қылмыстар саны бойынша статистиканы бағамдап шықтық. Ол өңір бойынша тіркелген қылмыстық құқыбұзушылықтар саны 29,6 пайызға төмендегенін көрсетіп отыр. Бұлай бола тұра үкім шығу арқылы аяқталған істер көбейіп отыр. Неге? Қылмыс саны азайғанымен, олардың ішіндегі ауыр қылмысқа баратындар саны көп. Ал, мұндай істер тоқтатылмайды. Сот жалғасып, үкім шығады. Сот әділдігінің сапасы бойынша біздің өңір үшінші рет республикада бірінші орын алып тұр.

Жыл басталғалы 5 бірдей іс 3 айдан артық қаралған. Мұндайға жол беріп, істі сағызша созып қоюды доғару керек. Есесіне бүгінгі күні Солтүстік Қазақстанда сирек болса да сот отырыстары қазақ тілінде өтіп тұрады. Жақында “Мемлекеттік тілдегі үздік сот отырысы” республикалық байқауы өтті. Сайыста жергілікті мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың судьясы Бердібек Мұстафиннің төрелігімен өткен іс үшінші орынға лайық деп танылған. Бүгін фемида өкілі көпшілік алдында марапатталды.

Бердібек Мұстафин, СҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың судьясы:

– Екі кәсіпкер арасында дау шығып, қарыз қайтару бойынша іс болды. Екі жақта да адвокаттар болды. Соңына іс нәтижелі аяқталып, екі жақ та татуласты. Біздің облыста көп іс қаралмайды қазақ тілінде. Бірақ қазіргі кезде ондай істер түсіп жатыр. Бірақ өңірде қазақ тілінде істерді қарай алатын судьялар бар.

Солтүстік Қазақстан Республиканың 17 сотының арасында сот төрелігін сапалы атқарудан бірінші орында тұр. Облыстық соттың төрағасы Ерлан Айтжанов осы нәтижені сақтап, оң көрсеткіштерді адан әрі арттыруды тапсырды.

 

Акбопе Танирберген