МТРА жаңалықтары

Өңір бойынша 1000-ға жуық адам пробация қызметінде тіркеуде тұр

Темір торда 11 жылдай отырған ол өткен жылдың сәуірінде мерзімінен бұрын шартты түрде босатылыпты. Кезінде құрылыста жұмыс жасаған ол, қазір де отбасын асырау үшін сол кәсіпке қайта оралған. Сүйікті әйелі және екі баласымен ол, бүгіннен-ақ, болашаққа мақсат құруда. Ал, тамыздың 13-і күні Александрдің сотталғаны туралы мерзім аяқталып, есептен алынбақ.

Александр Казанцев:

– Өмірім қалыпқа келуде. Ең бастысы, мені қолдайтын және жақсы көретін жанұям бар. Алдағы уақытта да құрылыспен айналысып, өз ісімді ашпақ ниеттемін.

Рейд барысында пробация қызметкерлері 53 жастағы Евгений Левкинге де кіріп шықты. Азамат 2009 жылдан бері екінші топтағы мүгедек ретінде тіркеуде тұр. Өткен жылы ол біреуді пышақпен жарақаттап, жауапқа тартылған. Кейін жарымжан ағымдағы жылдың басында жарияланған рақымшылыққа да іліккен. Сөйтіп, жазасы 1 жыл екі айға қысқарыпты. Осындай жеңілдіктерді алған Евгений Левкин өз өміріне риза. Сондықтан болар, болашағын басқаша елестетпейді де.

2014 жылы оның баспанасының бір бөлігі өртке оранған. Сол уақыттан бері бұл жерде жөндеу жұмыстары да жүргізілмепті. Үй құлауға жақын. Сондықтан, пробация қызметі азаматқа түрлі әлеуметтік көмек көрсетуде. Бұдан бөлек, аталмыш сала мамандары аптасына бір рет қала тұрғынына келіп тұрады. Жалпы Калинин ықшам ауданында 58 адам біздің пробация қызметінде тіркеуде тұр. Олардың 30-ының бостандығына шектеу қойылса, 28-інің белгілі бір жұмысқа тұруға мүмкіндіктері жоқ.

Бауыржан Ибраев – Петропавл қаласының пробация қызметі бөлімінің аға инспекторы:

– Пробация қызметі бұл адамдарды бақылап қана қоймай, оларға түрлі әлеуметтік көмек көрсетеді. Біріншіден, әрине, жұмыспен қамтылуына назар аударамыз. Сондай-ақ, психолог маманмен де жұмыс жасатамыз. Осылайша, аяғын шалыс басқан жандардың қоғамға бейім­делуіне мүмкіндік беріледі.

Ал, теріскей өңірі бойынша пробация қызметінде 1 мыңнан астам адам тіркеуде тұр. Жыл басынан олардың 100-іне әлеуметтік көмек көрсету үшін қазынадан 2 млн теңгедей қаражат бөлінген.

Руслан Мәмбетов – Облыстық прокуратураның 7-ші басқармасының бастығы:

– Алғашқы жарты жылдықта 230 бостандығы шектеулі азамат тұрғылықты қызметке орналасқан. Тағы 156 адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған. Жалпы, қала бойынша 500-ге жуық адам пробация қызметінде тіркеуде тұр. Сондай-ақ, бостандығы шектеулі болған 18 азамат, белгіленген тәртіпті сақтамағаны үшін темір торға тоғытылды.

Прокурорлар, учаскелік полицейлер мен пробация қызметкерлері бұндай рейдтерді апта сайын өткізуде.

 

Эльмира Садвокасова