МТРА жаңалықтары

Облыстық прокуратура алғашқы жартыжылдықтың қорытындысын жасады

Мәселен, аграрийлер игереміз деп субсиядия алғанымен 11 мың гектар аумақ арам шөп басып құр жатқан. Аталған алқаптың басым бөлігі Ғ.Мүсірепов пен Айыртау аудандарына тиесілі. Сондай-ақ, прокурорлар өңірдегі табиғатты қорғау мен қоғамдағы тәртіпті де бақылауларына алған.

Бахытжан Сәдібеков – Облыстық прокуратураның 2-ші басқармасының бастығы:

– Жыл басынан қылмыстық фактілер едәуір азая түскен. Мәселен, өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда қылмыстар саны 29,8 пайызға төмендеген.

Қылмыс пен құқықбұзушылықтардың азаюына прокурорлармен іске қосылған бірқатар жобалар септігін тигізуде. Мәселен, ағымдағы жылдан бастап тәртіп сақшыларымен ұсталған азаматтардың туған-туыстарына смс-хабарлама жіберіледі. Яғни, оларға құқықбұзушының қай бөлімшеге және қай уақытта жеткізілгені жайында ақпарат келеді. Жартыжылдық ішінде осындай 80 смс жіберіліпті. Бұдан басқа, бас прокуратураның “Бәріне жұмыс” жобасы да сәтті жүзеге асырылуда.

Асхат Ауқатов – Облыстық прокуратураның 1-ші басқармасының бастығы:

– “Бәріне жұмыс” жобасы шеңберінде мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларды жұмыспен қамту жүзеге асырылуда. Облыс бойынша, аталмыш санаттағы қызметке тұрғысы келетін немесе кәсіби білім аламын деген ниеттегі 420 адам анықталды. Оның ішінде 80 мүгедек жұмысқа орналасып, 20-ға жуығы оқуға жіберілді. Бұл шара алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.

Кездесу барысында прокурорлар, сондай-ақ, зейнетақы төлемінде орын алған заңбұзушылық жайында да сөз етті.

Жангелді Базарбаев – Облыстық прокуратураның 4-ші басқармасының бастығы:

– 10 жыл бұрын Германияға көшіп, сол елдің азаматтығына ие болған адам 2 жыл бойы Қазақстаннан зейнетақы алып отырған. Сөйтіп, ел қазынасына 3,5 млн теңгедей шығын келтіріпті. Қазіргі таңда бұл іске байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қалай болғандада азамат аталған соманы қайтаруы мемлекет бюджетіне қайтаруы қажет.

Айта кеткен жөн, енді солтүстікқазақстандықтар өздерінің шағымдарын Фейсбук желісіндегі облыс прокурорының парақшасына жаза алады. Жауап бір тәулік ішінде берілмек. Сондай-ақ, ағымдағы жылы өңірімізде құқықтық қызмет орталығы іске қосылмақ. Нысан прокуратура жанында орналасады.

Эльмира Садвокасова