Аптадағы маңызды жаңалықтар

Биыл Петропавлда 100 аулаішілік жол жөнделеді

Жігіттер қолдарына күрек алып, материалды жан-жаққа біркелкі етіп лақтыруда. Басқалары артынан тегістеп жүр. Үйдің үлкендері жастардың жұмысын балконнан қадағалап тұр.

Арыстан Молдағалиев – “Kaz Fortis” ЖШС учаске шебері:

– Бұл учаскеде 8 адамнан құралған бригада жұмыс істеуде. Асфальтті өзіміздің компаниямыз шығарады. Архангелькада орналасқан. Биыл 100 аулаға тендер ұтып алдық. Бүгінде 65 үйдің алдына жол төселді. Ең бастысы, адамдар атқарған жұмысымызға разы болса болды.

Бұл аула тұрғындардың сұрауы бойынша жөнделуде. Биыл петропавлдықтар қала әкімі Марат Тасмағанбетовтың есептік кездесуінде ерекше белсенділік танытыпты. Біреуі өтінішін ауызша, келесісі жазбаша жеткізіпті. Бұл іске тұрғын үйді басқару компаниялары да атсалысқан.

Голуб Светлана – “Вега” ЖШС директоры:

– Қала әкімі Марат Тасмағанбетовтың есептік кездесуінде кезекті рет осы мәселені көтердік. Былтыр мен шаһар басшысына Театр көшесіндегі 55-ші және 57-ші үйлердің ауласына балалар алаңқайын орнатып, ескі ағаштарды кесіп тастауын өтінгенмін. Өтінішім жерде қалмады. Барлық жұмыстар қысқа мерзімде тыңғылықты орындалды.

Биыл облыс орталығында барлығы 107 аулаішілік жол орташа жөндеу көрмек. Соның 85-і тұрғындардың сұрауы бойынша орындалады. Енді етікпен саз кешіп жүретін күндер артта қалмақ.

–  Жолымыз кедір-бұдыр болды. Түнде шалынып, сүрініп жүретінбіз. Қазір жолды қалпына келтіріп жатқандарына рахмет.

–  Тетр көшесіндегі 55-ші үйге 12 жыл бұрын қоныстандым. Сол кезде жолдың жағдайы нашар болатын. Аула өзгеріссіз сол қалпында қала ма деп ойлағанмын. Шынымды айтсам, техникаларды көргенде таңырқап қалдым. Осыдан 10 жыл бұрын жол төсегенде жай ғана ырымын жасай салатын. Бұл жолы жақсылап жасап жатқан сияқты.

Егемен Қазақстан, 30 мекен жайының тұрғындары да шаһар басшысына алғыстарын айтуда. Айтуларынша, аула алдындағы жолдары 25-30 жыл бойы дұрыс жөндеу көрмеген.

Оксана Бабыкбаева – “Экватор” ПИК төрайымы:

– Жолдың осы тұсын қайтадан шиналармен жауып тастадық. Қала әкімі өзі келіп, осы жердегі жағдайды бағамдады. Көліктердің жүруіне тыйым салу жөнінде рұқсатын берді.

Жаңа төселген асфальттің үстімен адамдар әрлі-берлі өтіп жатыр. Біражан Абуев жол тақтайдай теп- тегіс, жеткіншектерге ролик тебуге ыңғайлы дейді. Азамат шаһарымыздың күн санап құлпырып келе жатқанына риза. Биыл 107 аулаішілік жол қалпына келтіріледі. Қала әкімдігінің мәліметінше, енді 285 үйдің алдындағы жол жаңғыртуды қажет етеді.

Берік Қасен