МТРА жаңалықтары

Төрткүл дүние көз тіккен “EXPO-2017” көрмесіне күн сайын жүздеген теріскейлік аттануда

Орташа есеппен, күніне 40 мыңдай адам ауқымды шараның куәгері атанады. Бас қалаға Петропавл тұрғыны Лилия Шерина да аттанбақ ниетте. Нәзікжандының сөзінше, көрмеге оның туыстары, көршілері мен әріптестері де барып қайтқан. Енді, өзі де қазақстандық жобаның ауқымдылығы мен әсемдігін көру мүмкіндігіне ие болып отыр. Жасыл экономика саласындағы тың идеяларды әрбір адам білуі қажет дейді,- Лилия.

Лилия Шерина, Петропавл қаласының тұрғыны:

– Энергетиктер үшін ЭКСПО көрмесінде ұсынылған жаңа технологияларды тамашалау өте маңызды. Түрлі мемлекеттер энергия мен экология саласындағы тың жобаларын көрсетуде. Оларды тек көріп қана қоймай, өз елімізде қолдану да қажет. Бұған қоса, әлбетте, Қазақстанның павильоны “Нұр Әлемге” барғым келеді. Бұл әлемдегі ең үлкен сфералық нысан-нағыз болашақ мұражайы.

Әр апта сайын солтүстікқазақстандық энергетиктер халықаралық мамандандырылған ЭКСПО көрмесіне жол тартуда. Ал, Расул Искаков болса ауқымды шараны тамашалап қайтқандар қатарында. Жерлесіміздің қызығушылығы неміс технологияларына ауыпты. Теңіз балдырларынан энергия көзін алу мүмкіндігі жайлы дәл сол павильонда білген екен.

Расул Искаков, Петропавл қаласының тұрғыны:

– Қазіргі таңда көмір, мұнай, газ секілді энергия көздері аяқталып жатқандықтан, сарқылмайтын энергияны зерттеуіміз қажет. Мені Германия мен Жапония павильондары таң қалдырды. Биоотын, жарықты үнемдеу сынды бүгінде өте өзекті тақырыптағы жобаларды көрдім. Мәселен, белгіленген ортаға балдырларды орналастырса, химиялық реакция пайда болады. Кейін оны көліктерге қолдануға болады.

Табиғатты болашақ ұрпақ үшін сақтап қалу – бұл ЭКСПО-2017 көрмесінің басты идеясы. Бұнымен, келіспеске болмайды дейді,- Асқар Баймұқанов. Барлық павильондардың ішінен қала тұрғынының есінде Жапон елінің нысаны есте қалыпты. Күншығыс елі қазірде жоғары IT-технологиялар саласында көш бастап тұр. Сондықтан болар, бұл павильонға келушілердің қарасы қалың.

Асқар Баймұқанов, Петропавл қаласының тұрғыны:

– Жапонияда роботпен байланысты технологиялардың барлығы өте дамыған. Бүгінде біздің өмірімізде де бұл саланың алатын орнын атап өткен жөн. Өндіріс ошақтарындағы адамдармен жасалатын жұмыстардың басым бөлігі автоматтандырылып, қазірде оны роботтар атқаруда. Осылайша, адамның денсаулығы мен күшін сақтап қалуға мүмкіндік бар. Бұның өзі – болашақ энергия.

Бүгінде Африка, Мысыр, Үндістан, Ресей мен Түркия елдерінің павильондарына келушілер көп. Ал, бұл үздіктер тізімен бұрынғыша қазақстандық “Нұр Әлем” сферасы бастап тұр.

 

Эльмира Садвокасова