Спорт

Солтүстікқазақстандық палуан Оралхан Мырзабаев кадеттер арасындағы Азия чемпионатында топ жарды

Әсет Әбілмәжінов, Оралхан Мырзабаевтың тұңғыш жаттықтырушысы:

– Жаттығуларды ешқашан босатқан емес. Жаңа әдісті толық меңгермей жаттығудан кетпейтін. 5 дүркін облыс чемпионы, 2 халықаралық сайыстың жүлдегері.

Ал, мына ақсақал – чемпионның атасы. Кезінде кішкентай Оралханды спорттың осы түріне алып келген жан. Қария немересін жеңісімен құттықтап, бетінен бір сүю үшін Есіл ауданынан әдейі келіпті.

Мырзабай Омаров, Оралхан Мырзабаевтың атасы:

– 1 сыныпқа барғанда күреспен айналысуына себепкер мен болдым. Өзім ертіп апардым. Сабақтан кейін шынығып жүрді. Қатты қобалжыдым. Үшінші орынға да қуанатын едім, бірақ чемпион атанды. Өте қуаныштымын.

Көп кешікпей Алматы-Петропавл бағытындағы пойыз бірінші жолға келіп тоқтады. 21 вагонның баспалдағынан жас чемпион түсіп келеді. Күтіп алушылардың қуаныштарында шек жоқ.

Шыны керек, Оралханнан сұхбат алу бізге қиынға түсті. Қолдарына гүл шоқтарын ұстап, Азия чемпионын жан-жақтан қоршап алған халықты қақ жару оңай болмады. Сонда да дегенімізге жеттік. Чемпион әсерімен бөлісті.

Оралхан Мырзабаев, грек-рим күресінен кадеттер арасындағы Азия чемпионы:

– Жақсы дайындалдым. Үш жаттығу жиыны болды. Біріншісі Грузияда, қалған екеуі Алматы қаласында. Өте қуаныштымын.

58 келі салмақта сынға түскен он үміткердің жауырынын жерге тигізіп, бас жүлдеге қол жеткізу оңай болмады дейді.

Оралхан Мырзабаев, грек-рим күресінен кадеттер арасындағы Азия чемпионы:

– Бірінші айналымда қарсылас табылмады, кейін тайландықпен кездестім. Жартылай финалда қырғыз жігітін жеңіп, финалда ирандықтың алдын орадым. Ең қиын қарсыласым қырғыз балуаны болды.

Күрес түрлерінен кадеттер арасындағы Азия чемпионаты Таиландтың астанасы Бангкок қаласында өткен екен. 23 елден 100-ден аса спортшы грек-рим, еркін күрестен сынға түскен. Сайысқа нәзік жандылар да қатысыпты. Нәтиже керемет. Қазақстан құрамасы топ жарды. Олардың қоржынына 5 алтын, 6 күміс және 6 қола медаль түсті.

 

Саят Ермек