Қоғам

Қала тұрғындары үй ауласын сыммен қоршап тастады

– Интернационал көшесінде орналасқан 46-шы үйдің алдына бөтен машинаның кіруіне мүмкіндік жоқ. Өйткені, аулаға тұрғындар 2 қазық қағып, сыммен қоршап қойыпты. Тіпті, бір шетін құлыптап тастаған. Мына мен тұрған жерден де темір тұлпарлар өте алмасы анық. Себебі, бұл екі аралық өте тар.

Тұрғындар маңайды осыдан 3 күн бұрын жапқан. Содан бастап бұл жерге басқанын көлігі кіре алмайды. Тек, мұнда көпқабатты үйде тұратын адамдардың бірен-саран техникасы тұр. Себебі, жерлестеріміздің әрқайсысында құлыпты ашып, аулаға өтетін кілттері бар екен. Өзгеріске коммуналды кәсіпорын өкілдері түпкілікті қарсы.

– Өте қолайсыз. Аулаға айналма жолмен келдік. Бұл жерге жедел-жәрдем қызметі көліктері мен өрт сөндіру техникасы кіре алмайды. Такси де солай.

Оқиға орнына өрт сөндірушілерді шақырдық. Мамандар дабылдатып діттеген жерге жетті. Алайда, қызметтік көлік аулаға өте алмай сымның ар жағында қалды.

Құлыпты ашар кілттері бар тұрғындардың шығатын түрлері жоқ. Олар маңайда не болып жатқанын тек терезеден қарап тұрды. Өрт сөндірушілер үй ауласы мен көлік өтетін ара 6 метр болу керек дейді.

Жанат Хаирлин – Петропавл қалалық №3-ші өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары:

– Талап бойынша барлық ереже сақталуы керек. Яғни, қызметтік көліктер үйдің 2 жағынан да қиындықсыз кіріп-шығулары шарт. Былтыр дәл осы Интернационал көшесінде орналасқан 48-ші үйде газ жарылды. Біздің мамандар оқиға орынан дереу жетті. Бірақ, осы жердегі көліктердің кесіріне нысанға бірден жете алмай, айналып баруға мәжбүр болды. Осы арада 5 минуттай уақыт жоғалттық. Кесірінен 1 адам отқа күйіп, қаза тапты.

Бұған айтар жерлестеріміздің жауабы дайын. Олар жуырда өзара жиын өткізіпті. Басқосуда тұрғындар маңайды жеке бастың қауіпсіздігі үшін сыммен қоршауға келіскен. Бұрындары ауладан жоғары жылдамдықпен көлік көп өте беріпті. Әсіресе, көршілес 48-ші үйдің адамдары жиі қатынаған. Осының салдарынан маңайда бала тұрмақ, ересектердің өздері жүре алмайтын халге жетіпті.

Неля Галимулина – үй тұрғыны:

– Жуырда біздің үйдің тұрғындары жиын өткіздік. Кеңесте 24 пәтерде тұратындардың барлығы бірауыздан ауланы жабуға келісіп, қол қойды. Қолхатты қалалық әкімдікке жібердік. Бұл жерден қатты жылдамдықпен көлік көп жүреді. Жақында бір көршімді 48-ші үйдің тұрғыны қағып кете жаздады. Тағы, олар маңайға өз машиналарын қояды. Сол себепті, ауланы қоршап тастауға мәжбүрміз.

Маңайды жапқаннан бері жағдай мүлде басқа. Аулаға ересектер жиі шығып демалады. Балалар да асыр салып ойнайды.

– Қазір бәрі жақсы. Көліктер өтпейді. Шуыл да басылды.

– Мен осы үйде тұрамын. Бұрын аулада ойнай алмайтынбыз. Машиналар көп өтетін. Маңай қоршалғасын қиындықсыз жүреміз.

Дегенмен, әлі тұрғындардың ауланы қоршау жайлы қолхаты заңды түрде жауабын тапқан жоқ. Бұған қарамай адамдар маңайды бекіткен. Құжат құзырлы орган өкілдеріне жаңа жетіп жатқан көрінеді.
Қаламызда мұндай ауласы қоршалған үйлер аз емес. Мәселен, Бостандық және Әуезов көшелерінде тұрғызылған ғимараттардың алдында блоктар жатыр. Бұл да көліктердің өтуіне кедергі келтіреді. Үйдің маңын қоршап тастаумен заңгер – Павел Афанасьев мүлде келіспейді.

Павел Афанасьев – заңгер, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты:

– Тұрғындар өз беттерінше ауланы жаба алмайды. Бұл заңға қайшы әрекет. Мұндай сұрақ туындаса алдымен ПИК төрағасы тұрғындарды жинап, жиын өткізуі міндетті. Кейін, жер қатынастар басқармасы мамандарымен маңайды қарау қажет. Заң бойынша жер барлығына ортақ. Аулаға кез келген көлік кіріп шыққан жөн.

Қазір Петропавл қалалық әкімдігінде Интернационал көшесінде орналасқан 46-шы үйдің ауласына қытысты мәселе қаралып жатыр. Шешім жақын арада шықпақ.

Култанов Байболат